Өткен айда аузына ақ ит кіріп, көк ит шыққан педагог әлеуметтік желіні шулатқан болатын. Оның бұл іс-әрекеті видеоға түсіп қалған. Кейіннен белгілі болғандай, былапыт сөзді қарша боратқан әйел - Ордабасы ауданы Бадам ауылындағы Айтбай Шерімқұлов атындағы мектепте тәрбие ісі жөніндегі орынбасар болып жұмыс істейді. Аты-жөні - Ұлжан Елмұратова. Осы оқиғадан соң Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының пәрменімен Ұлжан Елмұратов қызметінен босатылған болатын. Дегенмен бұған қатысты дау әлі тыншымай тұр. Жақында танымал заңгер Айгүл Орынбекке "завучтан" зәбір көрген Балнұр Ерікқызы есімді мұғалім шағымын айтты. - Ұлжан Елмұратова мені жұмысқа 500 мың теңгемен кіргізді. Бастапқыда ол 800 мың теңге сұрады. Бірақ мен ондай ақша тауып бере алмайтынымды айттым. Сол себепті де 500 мың теңгеге түсті. Жұмысқа тұрған соң ол мені үйіне шақырып, үйін жината бастады. Бармаған жағдайда мінезін көрсетіп, қоқан-лоқы жасады. Жұмыстан шығарамын деп қорқытты. Тек мені емес, мектептегі басқа да қарауыл секілді кісілерді үйіне шақырып, қара жұмысқа салатын. Мен одан жұмыстан шығарып жібере ме деп қорықтым. Өйткені мен 500 мың теңгені несиеге алдым. Ол жұмыстан шығарып жіберсе бұл ақшаны ата-анама салмақ салып төлегім келмейді. Ол мені ашық сабақ өткізіп жатсам да үйіне жұмысқа алып кете беретін. "Ашық сабағың маған қызық емес" деп боғауыз сөздер айтып алып кететін. Одан директор да қорқатын, - деді Балнұр Ерікқызы.