13.07.2021, 10:00

«Тышқан қаптап, көгеріп кеткен жерде тамақ ішеміз»: Алматыда метро құрлысшылары бас көтерді

Фото: видеодан скриншот
Көгерген иіспен тыныстап, шаң жұтқан құрылысшылардың біразы денсаулығынан айырылып, ендігі мүгедек атанған.

Алматыда метро құрылысшылары ереуілге шықты. Олар жалақыларын көтеруді талап етуде, деп хабарлайды Stan.kz.

Жер астында еңбегіміз үшін алатын айлығымыз небәрі 51 мың 663 теңгеге әрең жетеді деген олардың, тіпті соңғы рет қашан ет жегендері естерінде жоқ. 

"Жұрт бізді 200-дің үсті, көп алады деп ойлайды. Егер сенбейтін болсаңыздар, есеп парақшасын көрсетуге болады. Соңғы қымбатшылықты білесіз, қандай болып жатқанын, ол ештеңеге де жетпейді. Тіпті оны айтып жатудың еш қажеттігі жоқ", – дейді "Алматыметроқұрылыс" АҚ жер асты үнгушісі Пахрдин Мұсалиев.

Арна мәліметінше, "Алматыметроқұрылыс" компаниясының ең ауыр жұмысын атқаратын азаматтардың айлығы түбіртек бойынша бар-жоғы 76 635 теңгені құрайды. Зейнетақы мен медициналық сақтандыру қоры, тағы кәсіподақ жарнасын төлегенде қолдарына небәрі 51 663 теңге тиеді екен. 

"Айтсақ, "қарызбыз біз" дейді. Ол бастықтың бізге айтқаны: сендердің айлықтарың 60 мың! 60 мың теңге азық-түлікке кетті. Оның ішіне етті қоспаңыз. Ет ол бөлек, етті қарызға барып аламыз. Сонымен, қарызға істеп жүрміз былай қарап тұрсаңыз. Біз шахтердің де жұмысын істеп жатырмыз, құрылысшының да жұмысын істеп жатырмыз, сылақшы, техничка дейді, жер астында солардың бәрінің жұмысын істеп жатырмыз. Метро жүрсін деп жүрміз", – дейді "Алматыметроқұрылыс" АҚ жер асты жұмысшысы Дауытбай Алмат.

Бұған қоса, олар 100-ге  тарта жұмысшы қуықтай ғана бөлмеде жуынатындарын жеткізді. Сөздерінше, төрт адамға арналған тар моншада түн ортасына дейін ұзын-сонар кезек. Оның өзі қабырғасын көк басып, төбесі құлағалы тұр.

Жұмысшылардың киім ауыстыратын бөлмесінде тышқан қаптаған. Мұнда олар тек киім ғана ауыстырмайды, осында жуынады, тамақ ішеді. Көгерген иіспен тыныстап, шаң жұтқан құрылысшылардың біразы денсаулығынан айырылып, ендігі мүгедек атанған. Алайда жер астында жүріп тапқан дертті емдеуге компания көк тиын де төлемейді екен. 

Өз кезегінде ұйым басшылығы бұл туралы пікір білдіруден бас тартты. 

Құрылысшылар жағдайлары жайлы мәслихат депутатына да шағымданыпты. Халық қалаулысы  құрылыс басына келген. Алайда артынша коронавирусқа шалдықтым деп, ат ізін кесіпті. Содан бері үш ай өткенімен, депутат отандық дәрігерлерге сенбейтін болса керек, шетелге тағы емделуге кетіпті.

"Мен емге шетелге кеттім. Шетелде емделіп жатырмын. Қазір сол жақтамын. 18-шілдеде боламын. Мен сол кезде айттым, ол мәселені көтереміз деп, біріншіден, сендердікі метроқұрылыс жекеменшік компания, оған біз қатты тиісе алмаймыз. Өйткені өздері біледі", – дейді Алматы қаласы мәслихатының депутаты Есенгелді Талбидинов.

Бұдан былай 51 мың теңге айлыққа төзбейміз деген жұмысшылар метро құрылысын тоқтатып, үйді-үйіне тарасты.