13.07.2021, 15:40

Ресей Қазақстанға 136 миллиард теңге өтемақы төледі – ҰҚК

Фото: ашық дереккөзі
Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов мәлімдеді.

Қазақстанға тиесілі ядролық оқтұмсықтан тәркіленген уран бөлігі үшін Ресей біздің елге 130 миллиард теңгеден астам (шамамен 305 миллион доллар) өтемақы төледі. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов мәлімдеді.

"Қазақстандағы құзырлы органдардың алдында ядролық қарусыздандыру бағдарламасы аясында оқтұмсықтардан ресейлік тарап тәркілеген қазақстандық уран үлесі үшін ақшалай өтемақы алу туралы өзекті мәселе тұрды. Нәтижесі – бюджетке 136,1 миллиард теңге көлемінде қаражат түсті", - деді Мәсімов. Оның айтуынша, ортаазиялық республикалардың біріндегі арнайы қызметпен ынтымақтастық нәтижесінде Қазақстан ҰҚК ядролық материалдардың заңсыз айналымымен айналысқан трансұлттық қылмыстық топтың жолын кесті. Ол қылмыстық топ құрамында Орталық Азия елдерінің азаматтары болған, деп хабарлады ҰҚК баспасөз қызметі.

Жалпы 2020 жылдың өзінде-ақ мемлекеттік экономикалық даму бағдарламаларын бақылау, сондай-ақ шетелдік инвесторлар, қаржы-өнеркәсіптік топтар мен трансұлттық компаниялардың жұмысын қадағалау аясында ел бюджетіндегі 925,3 миллиард теңге (2,1 миллиард доллар) шығынның алдын алу мүмкін болды. Сондай-ақ мемлекет пайдасына 147,23 миллиард теңге (шамамен 345 миллион доллар) кіріс кірді.

Есірткі құрылымдарын жою Кәрім Мәсімовтың айтуынша, Қазақстан "ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін және ұлт денсаулығына нұқсан келтіруді көздейтін трансұлттық құрылымдардың белсенді есірткі экспансиясының нысанына" айналды.

"11 халықаралық және 23 өңірлік есірткі тасымалдау арнасының жолы кесілді. 15 ірі есірткі зертханасының көзі жойылып, трансұлттық есірткі құрылымының 26 қатысушысы ұсталды, заңсыз айналымнан ауған өндірісіне жататын бір тоннадан астам есірткі тәркіленді", - деді ҰҚК басшысы.

Қазақстан осы салада Ортаазиялық өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы (ОӨАҮО) және АҚШ әділет министрлігінің Федералдық есірткімен күрес басқармасымен, сондай-ақ Ауғанстан және Өзбекстандағы құзырлы органдармен ынтымақтастық орнатқан.

Мемлекеттік шекара күзеті ҰҚК төрағасының айтуынша, республиканың мемлекеттік шекарасын қорғау және күзету елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі әлеуеттердің бірі болып қала береді.

"Терроризм, заңсыз миграция мен есірткі айналымы өршіген шақта шекара ведомствосының қызметі жетілдіріліп жатыр. Шекара қызметінің облыстық департаменттерін құру арқылы шекара күзетінің аймақтық принципі іске асырылып, олардың материалдық-техникалық базасы күшейтілуде", - деді ол.

2021 жылдың 6 айында қазақстандық шекарашылар 5 мыңнан астам құқық бұзушыны ұстап, 10 мың оқ-дәрі, 2 мың электрошокер, 12 мың бірлік суық қарудың шекара арқылы өтуін шектеді.

Атап өтсек, бүгін Қазақстанда Ұлттық  қауіпсіздік органдары күні аталып өтуде.

sputnik.kz

Тегтер: Ресей өтемақы