Шілденің 3-інен 4-іне қараған түні Тюмень қаласынан Платон Белоусов бір топ достарымен шатырға түнемек болып келісіп, орманға келеді. Бірақ жас жігіт таңертең ешкімге ештеңе айтпай жоғалып кетеді. Оның телефоны да лагерьде қалып қояды. Келесі күні баланың ата-анасы жоғалғанын біліп, туыстары мен еріктілер қосылып іздей бастайды.
Кейінірек Платонның өзі жағдайдың қалай болғанын баяндап берді, өзінің айтуынша, таңертең қарны ашып, жидек теруге кетеді. Алдымен соқпақпен жүріп, біраз уақыттан соң адасқанымды түсіндім дейді.
Жасөспірім сиреналар дауысы мен иттердің үргенін естігенін айтады. "Мен осы дыбыстарға баруға тырыстым, бірақ ешкімді таба алмадым. Алдым жар, артым құз секілді көрінді", – дейді өзі.
Платонның жанында оттық пен пышақ болған, бірақ сол сәтте құнды саналған заттарды бірінші күні-ақ жоғалтып алған.
"Өзімнің қайда екенімді ұқтыру үшін мен отты үш рет жақтым, бірақ оны ешкім көрген жоқ. Тіпті ағашты өртеп жібере жаздадым. Қолымда болған оттық ери бастады ал мен оны сасқанымнан отқа лақтырдым. Соның салдарынан от лаулап жанып кетті. Ал пышағым ағаш қабығын аршып бастағанда сынды да қалды. Сонымен ешқандай құралсыз қалдым. Күн батып қас қарайғанда мен от тұтатып, шөптерді жинап, жерге тастадым және үстіме жамылдым. Сөйтіп түнеп шықтым. Алғашқы екі түн салқын болды. Жаңбыр тоқтаусыз жауды. Қалған күндерде, осы екі күнді қоспағанда, ұйқым тыныш болды", – дейді Платон.
Үш күн бойы ештеңе ішпеген жас жігіт уақыт өте келе бұлақтың көзін тапқандай болады.
"Маған бір қызық ой келді. Суды жердің көмегімен сүзуге неге болмасқа деп ойладым. Мен жерді ылғалды топыраққа дейін қазып, оны футболкама салып, сығып алдым. Осылайша менде ішуге болатын таза су болды. Арасында топырақ бөліктері кездеседі. Бірақ, егер сіз шынымен зәру болсаңыз, іше алады екенсіз. Мен су алудың басқа жолдарын білмедім. Шық аз шығады", – деп еске алады Платон.
Жасөспірім орманда болған алты күнде негізінен жидектерді азық еткен. Сонымен қатар оған құрамында калориясы жоғары қарағай бүршіктері де кездесіп тұрған. Өзінің өмірінде алғаш рет амалсыздан дәмін көрген құмырсқаларға ол дәмді, қышқыл және ащылары болады деп баға береді.
Алты күнде Платон бірнеше келі салмақ тастаған. Қазір оқушы өзін жақсы сезінеді.
"Егер мені ешкім таппағанда, мен өзім табылар едім. Мен тек түзу жолмен алға қарай жүріп отырдым. Сондықтан түптің түбінде бір жерді тауып шығар едім. Мұндай жағдай басына түссе, тез мойынсұнып қалатындар болады. Бірақ мен берілмедім. Менде өзіме деген сенім болды. Сол сенім мені алып шықты", – дейді Платон.
Платонның анасының айтуынша, сол күндері оның баласының тірі екеніне және оның табылып, аман-есен оралатынына сенімі мол болған.
Stan.kz