Қайтыс болған кісінің атынан құрбан шалуға бола ма? Бұл сұраққа еліміздің бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы жауап берді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Оның сзінше, қайтыс болған адамның атынан құрбан шалуға болады. "Бірақ бір шарт бар: құрбандық шалатын адам алдымен өз атынан құрбан шалғаны дұрыс. Содан кейін қайтыс болған кісінің атынан құрбан шалуына болады", - дейді бас мүфти.
Сонымен қатар, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы құрбан шалған адамға сол малдың етін жеуге болатынын айтты. "Құрбандықтың бір ерекшелігі – бай адам шалса да, бір бөлігін өзі жеуіне болады. Ал бала-шағасы көп болса, құрбандық етін толық жеуге рұқсат етіледі. Жағдайы жоқ адам құрбандық шалғысы келсе, қиналып қалмайтын болса, қой алып, құрбандық шалуына болады. Етін үйінде аса алады ", - дейді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Айта кетсек, биыл құрбан шалу екі жолмен жүзеге асады: мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары тарапынан рұқсат берілген жергілікті қасапханаларда дәстүрлі жолмен ұйымдастырылады.
Пандемия жағдайында құрбан шалушыға қолайлы жағдай жасау және көмекке мұқтаж жандарды қолдау мақсатында www.qurban2021.kz сайты арқылы онлайн режимде жүзеге асады. "Былтыр құрбан шалған азаматтарға малының шалынғаны, етінің мұқтажға жеткеніне дейін есеп берілген еді. Фото есеп, қажет болса видеоға дейін атын атап түсірілді. Биыл да солай болады. Кімге фото есеп керек болса, ұялы телефонына жібереміз", - дейді ҚМДБ төрағасының орынбасары Ершат Оңғар.