Синоптиктер сенбі, яғни 17 шілдеге арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Циклон жырасының өтуімен және онымен байланысты атмосфералық фронттардың әсерінен әлі де Қазақстан аумағының басым бөлігінде тұрақсыз ауа райы сақталады – жаңбыр жауады, найзағай соғады, оңтүстік-шығыстағы таулы аудандарда бұршақ бақыланады, тек ҚР оңтүстігі мен оңтүстік-батысында жауын-шашынсыз ауа райы болады. Республика бойынша кей жерлерде жел күшейіп, түнде солтүстікте тұман түседі», - делінген «Қазгидромет» РМК баспасөз хабарламасында.
Алматы, Шығыс Қазақстан, күндіз Ақмола, Жамбыл, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды облыстарының кей жерлерінде жел 15-20 м/с күшейеді, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының кей жерлерінде түнде тұман түседі, Жамбыл облысының кей жерлерінде бұршақ жауады.
Күндіз Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарында, Ақтөбе, Қарағанды облыстарының оңтүстігінде қатты ыстық болады.
«Қызылорда, Түркістан, Маңғыстау, Жамбыл облыстарының басым бөлігінде, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды облыстарының кей жерлерінде өте жоғары өрт қаупі сақталады», - делінген хабарламада.