$ 439.43  473.31  4.82

Маңғыстаулық шаруалар: Қыстан қалай шығамыз?

Жиналған жем-шөпті малға қазір беруге мәжбүр болып жатқан маңғыстаулық шаруалар қыстық қорға алаңдайды.

Жиналған жем-шөпті малға қазір беруге мәжбүр болып жатқан маңғыстаулық шаруалар қыстық қорға алаңдайды, деп жазады ЭК. 

Маңғыстаудағы қуаңшылықтан ресми дерек бойынша 1159 мал басы қырылған. Осындай құрғақшылықтың боларын сезген малшылар сәуірден бастап дабыл қақты.

Бірақ үкіметтік комиссия маусым айында ғана келді. Маңғыстаудағы бес ауданды аралап, шаруалардың жәйін, төрт-түліктің күйін көрсе де хаттама толтырып кетумен ғана шектелді. Шаруалар өз бетінше тыраштануына тура келді.

Ел аумағында қымбаттап кеткен жем мен шөптің бағасын халықтың қалтасы бірде көтерсе, бірде көтермейді. Әркім өз бетінше амалдап отыр.

"Жерде дым жоқ. Енді Үкіметтен малды өлтірмей ұстау үшін арзанға жем-шөп сұраймыз ғой. Жергілікті билік басқа облыстармен өзара келісімшарт жасаса да арзанға жем әкелуді, шөп тасуды ұйымдастыру керек . Қуаңшылық болмаған кезде де біраз жем-шөп сырттан келетін еді. Енді тіпті тәуелдіміз. Бес-он тұяқты аман сақтау үшін қымбат екеніне қарамай мал азығын аламыз", — дейді мал ұстайтын ақсақалдың бірі.

40 жыл кеңшарда еңбек еткен, Ақшымырау ауылының тұрғыны Хасан Назаров та мал азығының күн санап қымбаттап жатқанына алаңдайды.

" Шөптің бір орамы 17 мың теңге. Ол да ештеңе емес. Жем-шөп келіп тұрса аламыз. Бірақ қысқа қор жасап қамданбаса қиын. Жылқыдан түк қалмауы мүмкін. Өткенде 5-6 жылқы шығын болды Құлындарды енелері өліп қалмауы үшін 50 мыңнан саттық", — дейді Хасан Назаров.

Маңғыстаулықтардың тілегі сол, мал азығын әкелуді дұрыстап ұйымдастырса дейді.

" Ала жаздай мына малды қораға қамап жемдеген жұрт қыста олай істей алмайды. Істегісі келсе де, сатып алатын мал азығы болмай қалуы әбден мүмкін",- дейді ауыл шаруашылығы саласының ардагері, жеке кәсіпкер Күзембай Ерғалиев.

Шаруалар дабылына жауап ретінде төмен бағада жем-шөппен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттің есебінен 204 миллион теңге бөлу жоспарланды. Оның 150 миллион теңгесі кәсіпкерлерге шөп шауып әкелу үшін несие ретінде үлестірілді де, қалған 54 миллион теңгеге 637 тонна арпа сатып әкелінген. Қосымша 563 тонна енді тағы келеді. Облыс бюджетінен арзан жем-шөп әкелуге бөлінген қаражат пен мал азығының көлемі осындай. Ал жуырда өңірге келген Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев қордан 1,9 млрд теңге көмек барын айтып кетті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары