Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Нартай Аралбайұлының YouTube-каналына берген сұхбатында қазақ тілінің мәселесін көтерді.
Сапарбаев мемлекеттік тілдің проблемасы бір қол қоюмен шешілетін мәселе емес екенін атап өтті.
«Оған жағдай жасау керек. Қазір бізде 78 пайыз қазақ болса, соның 70 пайызы қазақша сөйлеуі керек. Үйінде, отбасымен, немересімен. Қазақтың дәстүрін, салтын, әдет-ғұрпын баланың бойына сіңіру қажет. Мысалы біз отырып алып, бір-бірімізді жамандаймыз. Егер кінәлі болса, жамандаса түсінемін, онда құқық қоғау органдарына бер, жемқор ма, басқа ма, тексерсін. Шынын айтсам, кейде намысыма тиеді. Көп адам «мен көріндім, атым шығып қалды» деп ойлайды. Бірақ әлеуметтік желіні тек қазақтар оқымайды ғой, басқалар да бар. Мен әркез айтамын: неге біз бір-бірімізді шұқылай береміз. Неге бізге орыстар немесе түріктер тиіспейді. Шындығына келсек, әлеуметтік желіде тек қазақ пен қазақ айтысады. Оның да бір реті болуы керек қой», – деді Сапарбаев.