22.07.2021, 09:40

Алматы әуежайынан жаңа әуе рейстері ашылады

Ұшу ұзақтығы тоғыз сағаттан асады және ұшақ 2021 жылдың 3 тамызында таңертең Сейшель аралдарының халықаралық әуежайына қонады.

Air Seychelles ұлттық мемлекеттік әуекомпаниясы Алматыдан Сейшель аралдарына рейс ашуды жоспарлап отыр, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі Airseychelles.com сайтына сілтеме жасап.

Бірінші рейс 2 тамызда Алматы халықаралық әуежайынан ұшады. Ұшу ұзақтығы тоғыз сағаттан асады және ұшақ 2021 жылдың 3 тамызында таңертең Сейшель аралдарының халықаралық әуежайына қонады.

Әуекомпанияның ресми сайтында чартерлік рейстерді 168 орындық A320neo лайнері орындайтыны жазылған. Барлығы 500 қазақстандықты Сейшель аралына әкелу жоспарланған. Осылайша, әуекомпания қазақстандық туристерді жаңа бағытпен таныстыруды және бұдан әрі қазанда қыс айларына арналған ұзақ мерзімді ұшу сериясын ашуды көздеп отыр.