Қарағандыда «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы аясында көру қабілеті бұзылған балаларға арнап салынған мектеп-интернат жарамсыз болып шықты. 14 жыл бойы бюджеттің 1,5 млрд теңгесіне салынған 100 орындық мектептің қабырғалары қақырап, бетонның қорғаныш қабаты қирап, арматуралары ашылып кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мектеп-интернатты салуға тапсырыс берген Қарағанды қалалық құрылыс бөлімі болғанымен, мекеменің өзі Білім басқармасына қарайды. Тендерді жеңіп алған алғашқы компанияның атауы әзірше белгісіз. Аталған мәселеге қатысты басқармасы мамандарының жауабын күтудеміз.
Бір білетініміз, мектеп-интернат құрылысы 2007 жылы басталған. Мемлекеттік бағдарлама аясында бөлінген 1,5 млрд теңгеге оқу корпусынан бөлек алты тұрғын үй блогы, жылу қазандығы, монша, кір жуатын бөлме мен көкөніс сақтайтын қойма тұрғызылған.
Бірақ, бөлінген қаржы жетпегендіктен, құрылыс жұмыстары уақытша тоқтатылған. Құрылысы жартылай салынған ғимарат 7 жыл бойы қаңырап тұруы салдарынан тозығы шығып, шатырының төбесі тесіліп, қабырғалары сөгілген. Вандалдар пластик терезелерді шағып, линолеумдерді кескілеп тастаған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, иесіз ғимарат қыста қаңғыбастардың от жағып, жылынатын тұрақты мекеніне айналған. Абырой болғанда, бұл ғимаратта 10 жыл ішінде бірде бір рет өрт шықпапты.
2014 жылы жергілікті билік мектеп-интернатты қайта қалпына келтіру туралы шешім қабылдайды. Себебі, мектеп жанындағы тұрғындар қаңғыбастармен көрші болудан шаршағанын айтып, басшылыққа талап қойған.
Бірақ мектеп құрылысын аяқтауға бюджеттен 2016 жылы ғана ақша бөлінеді. Қалпына келтіру жұмыстарының жобалық құны 1,3 млрд теңгеге бағаланған. Осылайша облыстық құрылыс басқармасы жариялаған тендерді қарағандылық «Астана шаңырақ-2030» компаниясы жеңіп алады.
Компания 10 жылдай қаңырап тұрған мектеп-интернат құрылысын 1 млрд теңгеге аяқтауға келіскен. Өкінішке қарай, мердігер мекемені көру қабілеті бұзылған балалар үшін қауіпсіз, әрі жайлы етіп сала алмайды. Еденге құрылысшылар көзі нашар көретіндерға арналған тактильді жолдар жасаудың орнына қарапайым линолеум мен плитка төсей салған. Қабырға бойынша оқушылар жылжитын ұстағыштар орнатпаған және табалдырықтарды алып тастауды ұмытып кеткен.
МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНА ҚЫСЫМ КӨРСЕТІЛГЕН
2017 жылдың 11 қыркүйекте «Астана шаңырақ-2030» ЖШС мектеп-интернат құрылысын аяқтаған болып, пайдалануға береді. Бірақ жаңа оқу жылын білім ордасы директорсыз қарсы алған.
Regtv.kz порталының жазуынша, тапсырыс беруші мектеп басшысына қысым көрсетіп, олқылықтарға қарамастан қабылдау актілеріне қол қоюды талап еткен. Істің таза емес екенін білген мектеп директоры орнын босатуға шешім қабылдаған.
Қарағанды облысы білім басқармасының мәліметінше, 2018 жылдың 16 наурызында құрылыс басқармасы мен «Астана шаңырақ-2030» мердігерлік ұйымының басшылығының үстінен «интернат құрылысына бөлінген ақшаны жымқырды» деген күдікпен тергеу басталған.
Бірақ біраз уақытқа созылған сараптамадан кейін қылмыстық іс тоқтатылып, азаматтық іс қаралады. Шағымданушы – Құрылыс бөлімі. Олар мердігер «Астана шаңырақ-2030» компаниясы құрылыс жұмыстарының көлемін асыра бағалағанын айтып, интернатқа жетуі тиіс жабдықты жеткізбеген соманы өндіріп алуды талап еткен.
Тіпті, бір сот отырысы оқиға орнында болып, интернаттағы олқылықтарды экономикалық судья Лейла Қалиақпарова өз көзімен көрген. Судья өз шешімінде:
«Көшпелі сот отырысында құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталмағандығы анықталды. Жабдықпен толық жарақтандырылмаған... Қазандық құрылыс аяқталмаған, ішінде жарық жоқ. Мектеп ғимаратындағы кір жуатын орын мен қазандықта автоматты өрт дабылы мен ескерту жүйесі істен шыққан», - деп жазған.
Сот ісі Қарағанды қаласы құрылыс бөлімінің пайдасына шешіліп, мердігерден 65 миллион теңге өндірілген. Бірақ одан ғимараттың жағдайы жақсара қоймаған. Нәтижесінде, құрылыс басқармасы заң бойынша кепілдік шеңберінде ақауларды қайта қалпына келтіріп беруді талап етіп, жаңадан шағым түсірген. Екінші іс те құрылыс басқармасының пайдасына шешіліп, сот «Астана шаңырақ-2030» компаниясын 30 ақауды қайта жөндеуге міндеттейді. Бірақ мердігер компания мектеп-интернатты әлі қалпына келтірмеген.
Azattyq Rýhy тілшісі не себепті құрылыс жұмыстары толық аяқталмағанын білу үшін «Астана шаңырақ-2030» ЖШС-ның басшылығына хабарласты, бірақ компанияның қабылдау бөлімі екі күн бойы телефон тұтқасын көтермеді.
Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында «Астана шаңырақ -2030» ЖШС-ның 2017 жылдан бері салық төлемейтіні көрсетілген.
AMP
Қарағанды қалалық білім бөлімі материалды техникалық базасының бас маманы Серікбол Багимовтың айтуынша, мектеп-интернат 2020 жылы ғана білім басқармасының балансына өткен.
«2020 жылы мектепті біз өз балансымызға алып, сол жылдың қазан айында толықтай техникалық тексеру жұмыстарын жүргіздік. Тексеру қорытындысы бойынша, аталған нысанның спорт залы, акт залының төбесі, асхананың еден плитасы қирап жатқандықтан аталған нысан апаттық жағдайда деген қорытынды құжат берілді. Бірақ мектеп толық сүрілмейді, қайта қалпына келтіріледі. Қазір жобаның сметалық құжаттары дайындалуда, конкурс жарияланды. Мектеп құрылысын жүргізген мердігерді Құрылыс басқармасы сотқа бергенін ғана білеміз. Істі ары қарай қалай жүріп жатқанынан хабардар емеспіз. Бүгінгі таңда басшылығы жедел түрде 100 оқушы мен 113 мұғалімге арналған жаңа ғимарат іздеуде. Балалар сабаққа күрделі жөндеуден кейін ғана оралады», - деді бас маман.