Бүгін таңғы сағат 7:00-ден бастап Қазақстанның барлық облысында аудандың маңызы бар қалалардың, ауылдық округтер мен ауыл әкімдерін сайлау науқаны басталды деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ауыл әкімдерін сайлау еліміздің 14 облысында – 730 сайлау округіндегі 1 847 участкеде өтіп жатыр.
Сайлауға қатысуға барлығы 2 297 кандидат тіркелген. Олардың 1 419-ы өзін өзі ұсынғандар болса, 878-і саяси партиялардың атынан қатысуда. Кандидаттардың 1 839-ы – ер адамдар, 458-і – әйелдер.
Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды ауыл әкімдерін сайлауға белсене қатысуға шақырған болатын.
«25 шілде күні Қазақстанда алғаш рет ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өтеді. Бұл оқиға саяси жаңғырудың жаңа кезеңін білдіреді. Сайлаушыларды белсенді дауыс беруге шақырамын. Халықтың мүддесі үшін барлық қажетті өзгерістерді жүзеге асыру керек», - деп жазды Мемлекет басшысы өзінің Twitter-парақшасында.