28.07.2021, 10:00

Спортшылар Олимпиада ауылындағы антисекс-төсекті сындырып тынды

Сынақты бейсболшы Бен Вангер бастаған.

Израиль құрамасының ерлері Олимпиада ауылындағы антисекс-төсекті сындыру үшін қандай күш жұмсау керегін тексеріп көрді. Эксперимент видеоға түсіріліп, TikTok-та жарияланған. Кейін тез арада танымал болып кеткен, - деп хабарлайды Tengrinews.kz New York Post басылымына сілтеме жасап.

Сынақты бейсболшы Бен Вангер бастаған. Ол әуелі Токио Олимпиадасындағы төсекке қатысты сұрақ көп екенін айтады. Кейін ол кереует үстінде секіріп көреді, сынбаған соң командаластары қосыла бастайды.

"Олимпиада ауылындағы төсектерге қатысты сұрақ көп, сондықтан бүгін бұл картоннан жасалған кереуетті сындыру үшін қанша изральдік керек болатынын анықтаймыз", - дейді спортшы ролик басында.

Сөйтсек, картоннан жасалған кереуетті сындыруға тоғыз адам қажет болады екен. Кейінірек бұл ролик TikTok-тан өшірілді.

Бұған дейін Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) "физикалық байланыстың қажетсіз формаларының алдын алу үшін" Токиода олимпиадашыларға арналған антисекс-төсектердің дизайнын бекіткен. Олар төсек 200 келіден асатын салмақ түссе сынатынын ескерткен. Кереуеттер картон қағазынан және матрасы қайта өңделген пластиктен жасалған.