30.07.2021, 11:00

Билікті сынаған миллиардерді 18 жылға соттап жіберді

Фото: ашық дереккөзі
Сунь Қытай университеттерінде лекция оқып, қайырымдылық істерімен айналысып келген. Аурухана мен мектептер салуды қаржыландырған.

Қытайдың Коммунисттер партиясын ашық сынап жүрген миллиардер Сунь Даву 18 жылға түрме жазасына кесіліп, үш млн юань айыппұл төлеуге міндеттелді деп жазады centralasian.org.

Ол топты мемлекеттік мекемелерге шабуыл жасауға шақыруға, заңсыз бизнес жүргізуге, заңсыз жер басып алуға және араздықты қоздыру баптары бойынша айыпталған.

67 жастағы Сунь – тоғыз мың адам жұмыс істейтін ауыл шаруашылығы кәсіпорнының басшысы. Ол 2019 жылы 100 миллиондай шошқа өліміне себеп болған шошқа тұмауының масштабын жасырғаны үшін Қытай үкіметін ашық сынаған.

Осыдан кейін мемлекет оның жер учаскесін тартып ала бастаған. Reuters хабарлағандай, оның қызметкерлері совхоз ғимараттарының сүрілуіне қарсы шығып, полициямен қақтығыста жарақат алған.

Қытай құқық қорғаушылары Сунь адам құқықтарын қолдағаны үшін жазаға тартылғанын айтады.

Сунь Қытай университеттерінде лекция оқып, қайырымдылық істерімен айналысып келген. Аурухана мен мектептер салуды қаржыландырған.

2020 жылы Қытайда жылжымайтын мүлік магнаты, блогер Жэнь Чжицян 18 жылға бас бостандығынан айырылған. Бейжің соты "Huayuan Real Estate Grouр" мемлекеттік құрылыс компаниясының бұрынғы басшысын "коррупция, парақорлық, мемлекет мүлкін жымқыру, қызмет бабын асыра пайдалану" баптары бойынша кінәлі деп тапқан.