30.07.2021, 11:40

Зейнеткер автобус жүргізушісіне пышақ ала жүгірген

Фото: ашық дерекөз
Оқыс шабуылдан әрең сытылып шыққан автобус жүргізушісі Аршалы полиция бөлімшесіне арыз түсіреді.

Ақмола облысында автобус жүргізушісін өлтірмекші болған қаскөй ұсталды, деп хабарлайды ЭК.

Polisia.кz сайтының мәліметінше, оқиға Жібек Жолы кентінде түнгі сағат 22.00 шамасында болған. Ішімдік ішкен ер адам аялдамада тұрған қоғамдық көлікке кіріп жүргізушіге пышақ ала жүгірген. Оқыс шабуылдан әрең сытылып шыққан автобус жүргізушісі Аршалы полиция бөлімшесіне арыз түсіреді. Осыдан кейін дереу күдіктіні қолға түсіру әрекеті басталады.

Полиция қызметкерлері қаскөйді алысқа ұзатпай тұтқындап, тергеу тобына өткізеді. 68 жастағы бұзақы Жібек Жолы кентінің тұрғыны болып шыққан. Оның суық қаруы тәркіленді.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК 24-бабының 3-бөлігі, 99- бабының 1-бөлігі (Адам өлтіруге оқталу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталған.