Қазақстандық боксшы Қамшыбек Қоңқабаев Токио Олимпиадасының ширек финалында қарсыласын жеңіп, жартылай финалға шықты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Қазақстан құрамасының капитаны Қамшыбек Қоңқабаев ауыр салмақта ресейлік Иван Верясовқа қарсы жекпе-жекке шығып, 4:1 есебімен жеңіске жетті.
28 жастағы Қамшыбек Қоңқабаев Қызылорда облысында туған. 2017 және 2019 жылдары әлем чемпионатында күміс медаль еншілеген. 2017, 2019 және 2021 жылдары Азияның вице-чемпионы атанған. Биылғы Токио Олимпиадасының ашылу салтанатында Қоңқабаев ту ұстап шыққан.
Айта кетейік, бұған дейін Әбілхан Аманқұл 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша ширек финалда бразилиялық Эберт Соузамен жекпе-жекке шығып, 3:2 есебімен жеңіліп қалғаны хабарланған болатын. Бұған дейін Абылайхан Жүсіпов, Василий Левит, Серік Теміржанов, Бекзад Нұрдәулетов пен Надежда Рябец 1/8 финалда жеңілген болатын.