05.08.2021, 16:20

Данияр Қайсанов екі дүркін әлем чемпионына жол берді, енді қолаға таласады

74 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Қайсанов жартылай финалда екі дүркін әлем чемпионы ресейлік Заурбек Сидаковтан 0:11 есебімен жеңіліп қалды.

Қазақстандық балуан Данияр Қайсанов Токио Олимпиадасының еркін күрес жарысында финалға шыға алмады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

74 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Қайсанов жартылай финалда екі дүркін әлем чемпионы ресейлік Заурбек Сидаковтан 0:11 есебімен жеңіліп қалды. Енді қазақстандық балуан қола медаль үшін тартысқа түседі. 

Бұған дейін Данияр Қайсанов ширек финалда мысырлық Амр Реда Хуссенмен белдесіп, 8:5 есебімен жеңіске жеткен. Ал 1/8 финалда Жапония чемпионы Кейсуке Отогуроны жеңген болатын.

28 жастағы Данияр Қайсанов 2019 жылы Азия чемпионы атанып, сол жылы әлем чемпионатында қола медаль иеленген. Былтыр да құрлықтық жарыста топ жарған.