Қазақстан Түркияға өрт сөндіретін екі арнайы тікұшақ пен 16 құтқарушы жіберді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәлиге сілтеме жасап.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі суағар құрылғылары бар «Қазавиақұтқару» АҚ-ның Ми-8 АМТ екі тікұшағын және құрамында 16 құтқарушы бар жедел тобын орман өрттерін сөндіруге көмек көрсету үшін Түркия Республикасына жіберді», деді Талғат Уәли.
Қазақстандық тікұшақтар бүгін ұшып шықты және үш мемлекетте аялдап, олардың шекарасы арқылы Түркияның Мұғла қаласына жетеді. Жедел топты Нұр-Сұлтан қаласының әуежайында ҚР ТЖМ бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев шығарып салды.
«Біздің құтқарушыларымыздың жергілікті түрік билігімен өзара іс-қимылын Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі үйлестіреді. Сондай-ақ, Қазақстан өртенген аумақтардағы орман жамылғысын қалпына келтіруге гуманитарлық көмек көрсетуге ниетті. Отырғызылған орман қазақ және түрік халықтарының арасындағы достық пен бауырластық байланыстардың символы болады», - деді ресми өкіл.
Анадолы агенттігінің хабарлауынша, Түркияда 28 шілде мен 6 тамыз аралығында болған 208 орман өртінің 196-сы ауыздықталды. Елдің ауыл және орман шаруашылығы министрі Бекір Пакдемирли табиғи апатпен күреске 16 ұшақ, 56 тікұшақ, 850 суару көлігі мен су құйылған автоцистерна жұмылдырылғанын мәлім еткен болатын.