07.08.2021, 20:00

«Алтын» да, «күміс» те жоқ: Қазақстан Токио Олимпиадасын 8 медальмен аяқтады

Фото: ашық дереккөзі
Қазір Қазақстан медальдар есебінде 81-орында тұр.

Қазақстан 2020 жылғы Токиодағы Олимпиада ойындарын ресми түрде аяқтады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Ұлттық құрама қоржынына соңғы медальді каратэші Софья Берульцева салды. 20 жастағы спортшы жартылай финалда Мысыр өкілі Ферьял Абделазизбен кездесіп, тартысты жекпе-жекте жеңіліп қалған болатын. Софья Берульцева Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды.

Осылайша, Қазақстан қоржынына сегізінші медаль түсті - бәрі де қола. Қазір Қазақстан медальдар есебінде 81-орында тұр.  

Берульцоваға дейін дзюдошы Елдос Сметов, ауыратлеттер Игорь Сон мен Зүлфия Чиншанло қола медаль иеленген болатын. Кейін боксшылар Қамшыбек Қоңқабаев пен Сәкен Бибосынов, балуан Нұрислам Санаев пен каратэші Дархан Асәділов те қола жүлде еншілеген.