Шығысқазақстандық азамат Михаил Феодоров 60 жылдан бері ағаш егумен айналысады. Жасы тоқсаннан асқан қария әр түпті өзі күтіп-баптайды. Алайда жасыл желекті браконьерлерден қорғауға шамасы жетпей жатыр. Сондықтан орман қорғаушылардан көмек сұрайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.
Михаил Феодоров Глубокое ауданындағы Жаңа Үлбі ауылында тұрады. Ұзақ жыл теміржолшы болып еңбек еткен. Тіпті күндердің күнінде темірден көрі ағашқа қызығушылығым оянады деп тіпті де ойламаса керек. Алайда 30 жасында үйінің қасына бір түп қарағай әкеп еккен ол сол беті бұл әдетінен арыла алмапты.
Қария бос жатқан жер ұнамайды дейді. Сондықтан жекеменшігі болмаса да, үй маңындағы батпақ басып жатқан алқапқа өз күшімен 30 «КамАЗ» топырақ төгіп тегістепті. Содан соң түрлі ағаш көшетін еге жүрген. Қазір бұл жер қайыңдары майысқан, шыршалары толысқан шағын орманға айналған.
«Шаңы шығып жатқан жер кімге ұнайды, құры тұрмасын деп түрлі ағаш еге бастадым. Көшеттерді теміржол бойыннан, биік электр желілерінің астынан алып жүрдім. Өйткені оларды кейін бәрібір қопарып алып тастар еді. Кейде пойызбен 25-30 түп көшет алып келетінмін», - дейді Глубокое ауданының тұрғыны Михаил Феодоров.
Михаил Феодоров ағаш-талды бүгінге дейін өзі суғарып күтеді. Оның үстіне, қазір қарағайды дәнінен бастап өсіре бастапты. Машақаты көп, бірақ мойымайды. Табиғатқа көмектесу керек деп есептейді.
«Осы аудандағы мектеп ұжымына ұсынысым бар. Мына жақта тұрған тау үстін көгалдандыруға атсалысса деймін. Мен оларға көшет берер едім, қанша керек болса, сонша бере аламын. Сонымен қатар бұл орманды енді кім қорғайды? Ол іспен билік айналысуы керек қой? Осыған да көмек болса деймін», - дейді Михаил Феодоров ақсақал.
Зейнеткердің алаңдауы бекер емес. Жайқалып тұрған дайын көшеттер кейбіреулердің көзін қызықтыра бастаған.
Бұл жердегі әрбір талға қарияның маңдай тері тамған. Алайда сол еңбегін еш кетіріп жатқандар көп-ақ. Мәселен, жақында ғана табиғат қаскөйлері өсіп қалған 11 түп қарағайды отап кетіпті. Сан соққан қария амалсыздан қайтадан кішкене көшет отырғызып қойыпты. Енді оны да күтіп-баптау керек.
«Ол орманды арнайы тізімге енгізу - ұзақ процедура. Барлық ереже-талаптарды ескеруіміз керек. Ол үшін біршама уақыт қажет. Біз енді барлық нұсқасын қарастырып, қарияға көмектесуге тырысамыз», - деді ШҚО Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім маманы Гүлнәр Краскова.
Енді табиғи ресурстар басқармасының сарапшылары ол жерді барып көріп, істің-мән жайын зертттемек. Жалпы, облыста 50 мың гектар жасыл желекті «орман қорының қарамағына» енгізу жоспарланыпты. Бұл тізімге Михаил Феодоровтың 3 гектар орманы кіре ме, жоқ па, әзірге белгісіз.