$ 443.85  474.3  4.8

«Аштан өлді»: Талғардағы мүгедек - жетім жігіттің өлімі әлеуметтік желіде дау тудырды

Ал, әкімдік қызметкерлері аурудан қайтыс болды деп сендірді.
Фото: azattyg. ruhy
Фото: azattyg. ruhy

Талғарда мүгедек - жетім бала жалғыздықта көз жұмды. Бұл туралы жергілікті белсенділер Facebook желісінде жариялады.

27 жастағы Медет Ерболұлы Талғар қаласындағы «Ковчег» балалар үйінде тәрбиеленген екен. Жетім жігіт соңғы күндерінде мемлекет тарапынан берілген бір бөлмелі пәтерде жалғыз тұрған екен. Жергілікті белсенділер Талғар қаласы әкімдігіне хабарласып, мүгедек жігітке көмек керектігін жеткізген.

«Жігіттің бірнеше күн бойына көзге көрінбей кеткенін байқаған көршілері дабыл қақты. Әлеуметтік қызметкерлер Медет жалғыз тұратынын және оған әлеуметтік көмек керек екенін білмеді, оларға хабарланбаған болып шықты. 4 тамыз күні көршісі «Ковчег» балалар үйіне хабарласып, Медеттің жоқ болып кеткенін айтқан. Артынша балалар үйінің көлік жүргізушісі келіп, Медеттің пәтеріне балкон арқылы кірген. Жігіт диванда жатқан болып шықты. Бірден жедел-жәрдем шақыртқан. Бірақ медицина қызметкерлері тек дәрі-дәрмек салумен ғана шектелген. Ал Балалар үйінің көлік жүргізушісі Медеттің аузына шикі жұмыртқа беріп кеткен. Бірақ көршілері жедел-жәрдем қызметін қайтадан шақырып, науқас жігітті ауруханаға алып кетуін талап еткен», - деп жазды Жанна Байтелова.

Автордың сөзіне сенсек, мүгедек жігіт бірнеше күн жансақтау бөлімінде жатып, одан кейін палатаға ауыстырылған. Мамандар жігіттің беті бері қарап, денсаулығы түзеліп келе жатқанын хабарлаған. Десе де, белсенді топ ақ халаттылардың айтқанына көз жеткізу үшін амалын тауып, аурухнаға кірген.

«Медеттің тіпті түтіктен су ішуге шамасы болмаған. Артынша жігітті қайтадан жансақтау бөліміне ауыстырған. Алайда 10 маусым күні Медет Ерболұлы ауруханада жан тапсырды. Қайтыс болу туралы анықтамада оның басында ісік болғаны жайлы жазылған», - дейді автор.

Жанна Байтелованың айтуынша, Медетке 2014 жылы бір бөлмелі пәтер берілген. Алайда ол бұған дейін бұл үйде тұрмаған. Ал баспана біраз уақытқа дейін жалға берілген көрінеді.

«Осы жылдың шілде айында Медетті пәтеріне қайта әкеп тастады. Неліктен әлеуметтік қызметкерлер Медетке көмек керектігінен бейхабар? Мүгедек баланы көршілері тамақтандырған. Өйткені ол өздігінен ас әзірлей алмайды. Неліктен жедел-жәрдем қызметі жігітті дер кезінде аурухана алып кетпеген? Балалар үйінің көлік жүргізушісінің әрекетін қалай түсінуге болады? Қоғам белсенділері дәл осы сұрақтарды «Ковчегтің» директорына қойған кеде, ол: «Бұл адами фактор, әлеуметтік қызметкерлерге ескертпегеніміз – біздің қателігіміз болды» деп жауап қатқан екен», - деп жазылған.

Сондай-ақ, әлеуметтік желіде жетім жігіттің төсек тартып жатқан жеріндегі видеосы тарады. Бейнежазба авторы Медеттің тұрып жатқан үйіндегі тұрмыстық жағдайын көрсеткен.

«Үкіметтен мүгедек - жетім балаларға көрсетіліп жатқан көмек қайда? Сасып кеткен, үйге кіру мүмкін емес. Бәрі бықсып жатыр. Не тамақ ішетін үстелі жоқ. «Үй бердік» деп құтылған түрлері ме? Ескі-құсқы диванды әкеліп қойыпты. Не көрпесі жоқ жамылатын. Жағдайы жасалмаған. Өңшең жыртық киімдерді берген, киюге еш жарамайды», - дейді автор.

Facebook-те тараған тағы бір видеода белсенділер тобының мүшесі Медеттің аштан қайтыс болғанын алға тартады. Өйткені мүгедек жігіттің тамақ әзірлеуі былай тұрсын, тіпті орнынан тұруға шамасы болмаған.

«Бауырымыз Ерболұлы Медетті соңғы сапарына шығарып салып барамыз. Ол жалғыздықта аштан қайтыс болды. Оған тамақ, су беретін ешкім болмады. Біздің тобымыз әкімдікке бір емес, бірнеше көмек көрсетуді өтінді. Бірақ олар құлақ аспады. Өзіміздің шамамыз жеткенше көмектестік, қолдау білдірдік», - деді видео авторы.

Ал жергілікті әкімдік бұл мәселеден хабардар екенін айтты. Алайда «мүгедек жігіттің жүріп-тұруға шамасы болған» деп сендірді.

«Марқұм Дүйсембаев Медет Ерболұлы 1994 жылдың 28 қарашасында дүниеге келген. «Ковчег» балалар үйіне 2009 жылы келіп, 2012 жылы кәмелет жасына дейін сол жерде өскен. ІІ топтағы мүгедек, эпилепсия, ДЦП бойынша 2009 жылдан бері невропатологтың қарауында болған. «Ковчег» балалар үйінің директоры А. М. Сугакованың айтуынша, Медет Ерболұлы жүріп-тұра алады, тамағын істеп, ұялы телефонмен хабарлама жаза алады және өз-өзіне қарауға мүмкіндігі болған. Сондықтан кәмелет жасына толғаннан кейін жеке тұруына рұқсат берген. Марқұм соңғы рет 20 шілдеде қайта пәтеріне кеткен. Керекті дәрілері де жеткізілді. Пәтерінде тұрып жатса да, балалар үйінің қызметкерлері анда-санда келіп жағдайын біліп жүрген», - деп хабарлады Талғар қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Десе де, жергілікті билік өкілдері жетім жігіттің аштан емес, аурудан қайтыс болғанына сенімді.

«Ауданның орталық ауруханасына 4-тамыз күні сағат 18:15-те ауыр халде жеткізілген. Қабылдау бөлімінде науқасты қарап, жағдайының ауырлығына байланысты жансақтау бөліміне жатқызған. Терапевт, невролог, нейрохирург, траматолог, реаниматолог, инфекционист дәрігерлер емдесе де, жас жігіттің өмірін сақтап қала алмады. 10 тамыз сағат 00:45-те қайтыс болды. Патологоанатомның анықтамасы бойынша, жедел бас миының бұзылысы геморрагиялық түрі, самайда қан ұюының салдарынан қайтыс болған», - деп нақтылады баспасөз қызметі.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Жетімдер #аш