Токио Олимпиадасының қола жүлдесін иеленген Нұрислам Санаев мемлекеттік сыйақыны мұқтаж жандарға бергісі келетінін мәлімдеді, деп жазады Stan.kz.
Бұл туралы балуан өзінің Instagram парақшасында жариялады. Спортшы Олимпиаданың алтын медалін алуды, сондай-ақ мұқтаж адамдарға көмектесуді армандағанын атап өтті. Ол өзінің 31 миллион теңге көлеміндегі сыйақысын көмекке мұқтаж жандарға беретінін жазды.
“Қазақстанда спортпен айналысамын деген адамға бар мүмкіндік қарастырылған. Бұл президентiмiздiң спортқа деген оң көзқарасының нәтижесі… Осы орайлы сәтті пайдалана отырып, барша қазақстандықтарға қолдауларыңыз үшін алғыс айтқым келеді. Мен ес білгелі қиыншылықты, жоқшылықты көріп өстім. Сол кездегі бала арман мені биік белестерге жетеледі. Ең алғаш спортқа қадам басқанда олимпиадада топ жарып, мұқтаж жандарға көмектесу арманым болатын.
Бүгін де сол арманыма қол жеткізіп отырмын. Мемлекет тарапынан маған берілетін қомақты сыйақыны мен мұқтаж отбасылар мен науқас балалардың еміне жұмсамақпын. Елімізде бақытты отбасылардың саны көп болсын!”, – деп жазды Нұрислам Санаев.
Еске салайық, Нұрислам Санаев Токио Олимпиадасында еркін күрестен 57 келі салмақта спортшы қола медаль иеленді.