Ауғанстан аудандарының басым бөлігін жаулап алған "Талибан" Кабулге кірген тұста әлеуметтік желілерде ауған босқындарының бір бөлігі Қазақстанға келеді деген ақпарат тарады. Онда Қазақстанның босқындарға арнап орын дайындап жатқаны айтылады. Шымкенттегі Әбілхан Қастеев атындағы колледждің жатақхана қызметкері Азаттық тілшісіне сондай тапсырма түскенін растады.
– Ауғанстаннан келетін адамдарға арнап 305 орын дайындау туралы тапсырмадан кейін кешеден бері 100 орын дайындалды, – деді аты-жөнін атамауды сұраған жатақхана қызметкері.
Жатақхана қаланың орталық бөлігінде, Еңбекші ауданында орналасқан.
Шымкент қаласының әкімді ауған босқындары жайлы ақпарат бере алмайтынын, оны Нұр-Сұлтандағы орталық биліктен сұрау қажетін айтты.
Жексенбі, 15 тамыз күні Қазақстан сыртқы істер министрлігі босқындарды қабылдау туралы ақпаратты терістеген. Бүгін, 16 тамыз күні министрлік босқын қабылдау туралы ақпаратты растамады, жоққа да шығармады.
– Шымкент қаласына ауған босқындары келетіні, я келмейтіні жайлы әзірге айта алмаймын. Жағдай шапшаң өзгеріп жатыр, – деді Қазақстан сыртқы істер министрлігінің арнайы өкілі Айбек Смадияров.
Жексенбі, 15 тамыз күні "Талибан" Жалалабад қаласын басып алғаннан кейін Кабулдың түбіне жетіп, ел президенті Ашраф Ғани шетелге қашқан соң, қаланың ішіне кірді. Тәліптер астана аудандарының басым бөлігін бақылауына алғанын айтады. Елдегі дипломатиялық өкілдіктер мен оларға қызмет еткен ауғандар Кабулдың халықаралық әуежайында тығылып отыр.
АҚШ өз қызметкерлерін елден алып кетуге мыңдаған сарбазын жұмсап отыр. Олар әуежайды қорғап, эвакуция рейстерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етпек.
2001 жылғы 11 қыркүйектегі террор шабуылынан кейін АҚШ Ауғанстанға басып кіріп, "Талибанды" биліктен кетірген. АҚШ әскері биыл мамырдан бастап елден шығарыла бастады. Содан бері "Талибан" белсенділігін арттырып, ауған аудандары мен қалаларын бірінен кейін бірін басып алып жатты.
Аzattyq.org