Президент Ауғанстан босқындары туралы шешім қабылдаған жоқ. Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында осылай жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Президент Ауғанстан босқындары туралы шешім қабылдаған жоқ. Бұған қатысты тараған ақпарат негізсіз. Дүниежүзілік ұйым басшылығы ресми өтініш білдірген жағдайда БҰҰ қызметкерлеріне ғана көмек көрсетілетін болады», делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, WhatsApp мессенджерінде Қазақстанға Ауғанстанның 70 000 азаматы келеді деген қауесет тарады. ҚР СІМ бұл ақпаратты жоққа шығарды. Айта кетерлігі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Әкімшілігі мен Сыртқы істер министрлігіне Ауғанстанға қатысты мәселелер бойынша мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру тапсырды.
«Президент Әкімшілігі мен Сыртқы істер министрлігіне Ауғанстанға қатысты мәселелер бойынша мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру тапсырылды. Кабулдағы Қазақстан елшілігі шағын құрамда жұмыс істеуде. Қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қабылданып жатыр», - деп жазды ҚР Президенті Twitter-дегі парақшасында.