Оныншы баласын күтіп отырған Ақтау қаласының тұрғыны Гаухар Ешмұханова "Атамекен" ҰКП-ның "Бастау" жобасына қатысқан. Әйелге жеке бизнесін ашу үшін 500 мың теңге грант берілді. Алайда пандемияға байланысты істі жүзеге асыру мүмкін болмаған. Енді көп балалы әйел сот алдында жауап беруге мәжбүр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Lada басылымына сілтеме жасап.
Гаухар Ешмұханова президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа әділдікті сұрап видеоүндеу жолдаған. Әйел бағдарлама бойынша Ұлттық Кәсіпкерлер палатасынан 500 мың теңге көлемінде грант алғанын айтты. Алайда пандемияға байланысты бизнес басталған жоқ.
“Біздің отбасымыз тоғыз бала тәрбиелеп отыр. Оныншысын күтіп отырмыз. Осы уақыт ішінде күйеуім екеуміз ешқашан мемлекеттен көмек сұраған емеспіз. Біз екеуіміз де балаларды қамтамасыз ету үшін жұмыс істеп, ақша табамыз. Мен көп балалы аналар шығатын түрлі митингтерге ешқашан қатысқан емеспін. Өз өмірімізде өмір сүреміз, ешкімге шағымданып жатқан жоқпыз. Алайда жақында мені сотқа бергені туралы хабарлама алдым”, – деді Гаухар Ешмұханова.
Гаухар Ешмұханованың айтуынша, ол тоқыма өндірісін ашуды жоспарлаған.
“Мен тігін жабдықтарын сатып алдым. Бірақ пандемия басталып кеткен соң, бөлмені жалға алу қиын болды. Сондықтан мен ақшаның бір бөлігін жабдыққа жұмсадым, қалған ақшаны басқа жобаларыма салдым. Үйде онлайн режимінде желілік маркетингпен айналыстым”, – дейді әйел.
Көпбалалы ана ақшаны мақсатты жұмсағанын растайтын барлық чектер мен құжаттар бар екенін айтады.
“Тіпті пандемия жағдайына түскенімізге қарамастан, мен ақшаны дұрыс инвестициялайтын жол таптым. Мұның бәрін мен сотта дәлелдеймін, менде барлық дәлелдер бар. Мен адал адаммын, ешкімді алдамадым. Ештеңе жасырмаймын, жасырынбаймын”, – деп қосты Ақтау тұрғыны.
Гаухар Ешмұханованың ісін қарайтын сот отырысы 18 тамызда өтеді.
Ақтаудағы көпбалалы отбасы туралы 2021 жылдың мамыр айында белгілі болды. Ол кезде Сәкен мен Гаухар Ешмұхановтардың 2001 жылы үйленгені хабарланған болатын. Содан бері жас отбасында тоғыз бала, төрт ұл және бес қыз өмірге келген. Сондай-ақ ерлі-зайыптылар егіздер тәрбиелеуде. Қазір көпбалалы отбасы 10 баласының өмірге келуін күтіп отыр.