Тәлібтердің шалғайдағы Қазақстанмен еш шаруасы жоқ. Олардың өздерінің ішінде өз проблемалары толып жатыр, деген басу айтты қазақтарға YouTube-те сөйлеген Арман Шораев, деп хабарлайды zakon.kz.
– Жуық арада, 5-6 жылда Талибан болсын, Ауғанстан болсын, моджахедттер болсын – қазақтарға ешқандай қауіп төндірмейді. Керісінше, мен сіздерге айтайын, әр қазақтың басында, әр қазақтың миында өзінің кішкентай талибі отыр, өзінің басында Ауғанстан отыр, деп бастады ол әңгімесін. Ауғанстан дегеніміз не, біздің еліміз үшін?
– Біз үшін Ауғанстан – LRT жобасы сияқты. 1,5-2 млрд долларды күлге шашу. Біздің Ауғанстанымыз – мынау батысымыз бен оңтүстігіміздегі жұт. Біздің шенеуніктер ештеңе істей алмайды. Су жаңа ауыл шаруашылығы министріміздің қолынан келетіні тек асар жариялап, халықтан ақша талап ету. Біздің Ауғанстанымыз осы, айналайындар. Ал біздің тәлібтеріміз – күнара жемқорлықпен ұсталып жатқан мынау ең үлкен партиямыздың мүшелері. Біздің Ауғанстанымыз – ол біздің үндемеуіміз! Біздің "тәубә-тәубә", "шүкір-шүкір" деуіміз де біздің Ауғанстанымыз. Қазаққа алыстағы ауғандардан қауіп төнбейді, өйткені әр қазақтың басында өзінің жеке "ауғанстаны" бар, – деген Шораев камерасын өшіріп тастапты.
Сонымен видео да аяқталады.