$ 498.34  519.72  4.85

Елордада жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін баспана биыл да жалғасады

Елбасының бастауымен жүзеге асқан жобаның мақсаты – алдағы 5 жыл ішінде жастардың қаражат жинап, жеке үйін сатып алуға жағдай жасау.
Фото: ашық дереккөзі
Фото: ашық дереккөзі

Елордада жастарға сатып алу құқығынсыз жалға пәтерлер беру жобасы биыл да жалғасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Елорда жыл санап өсіп келе жатқанын ескерер болсақ, баспана мәселесі қашан да өзекті. Ел басшылығы осы мәселені шешу үшін 2019 жылдан бері жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға пәтерлер беру жобасын қолға алды. Бүгінге дейін аталмыш бағдарлама арқылы 1 400 отбасы баспаналы болды.

Жастар жылының салтанатты ашылу шарасында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға пәтерлер беру туралы тапсырма берген. Елбасының тапсырмасын 2019 жылы астана әкімдігі толықтай орындап, жұмысшы жастарға 1 050 пәтердің («Астаналық» және «Әлем» сауда орталықтарының арасындағы тұрғын үй кешені) кілтін табыстады.

Келесі 2020 жылға да дәл осындай меже қойылған еді, алайда пандемияға байланысты жоспарға еріксіз өзгеріс енді. Коронавирус эпидемиясына байланысты былтыр 350 пәтер тапсырылды. Жұмысшы жастарға пәтерлер Нұр-Сұлтан қаласындағы Р.Қошқарбаев даңғылы, Қордай және № 23-31 көшелері қиылысындағы, сол сияқты Абылай хан даңғылы мен Б.Момышұлы және Р.Қошқарбаев даңғылдарының қиылысындағы тұрғын үйлерден берілді. Бұл жылғы жастарға берілген баспана көлемі 32-48 шаршы метр аралығында.

Елбасының бастауымен жүзеге асқан жобаның мақсаты – алдағы 5 жыл ішінде жастардың қаражат жинап, жеке үйін сатып алуға жағдай жасау.

Жобаға қатысушыларға қойылар негізгі бес қағидат бар: 29 жастан аспаған, жұмыс істейтін, меншігінде тұрғын үйі жоқ, жинақ жасау үшін депозиттік шотының болуы, сондай-ақ соңғы 6 айда кемінде 40 АЕК табысының болуы. Жобаға қатысушылар қатары да аз емес. Былтыр 1-6 желтоқсан аралығында өтінімдер қабылдау ұйымдастырылып, жалпы 5 463 өтініш қабылданды.

Өтінім берген қатысушылар арасында іріктеу балдық жүйе бойынша, ал пәтерлерді бөлу өтініш берушінің отбасы құрамына сәйкес жүргізілді.

Биыл жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін 1050 баспана беру жұмысы жыл соңына жоспарланып отыр.

Айта кетейік, елордада баспана мәселесін шешу үшін ауқымды шаралар жүргізіліп жатыр. Өткен жылы елордада жалпы көлемі 3 миллион шаршы метр болатын тұрғын үй салынып, ел игілігіне берді. Сол сияқты әлеуметтік пәтер беру көрсеткіші де еселеп ұлғайды. Мәселен 2019 жылы 2 900 әлеуметтік пәтер пайдалануға берілсе, биыл бұл көрсеткіш 10 мыңға дейін артты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#пәтер