Ауғанстанның вице-президенті Амрулла Салех ел конституциясына сүйене отырып өзін уақытша президент жариялап, "Талибан" (Жоғарғы сот шешіміне сәйкес қозғалысқа Қазақстанда тыйым салынған) қозғалысымен күреске шақырды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
17 тамызда Салех бірнеше твит жариялаған. Онда қазіргі уақытта өзі Ауғанстанда екенін, президент міндетін атқарушы ретінде барлық лидерден қолдау күтетінін жазған.
Сонымен қатар, Салех "Талибан" қозғалысымен күресте бірігуге шақырады.
"АҚШ пен НАТО-ға қарағанда біз рухымызды жоғалтпадық, алда зор мүмкіндіктер барын көріп отырмыз. Пайдасыз мәймөңкелеу аяқталды. Қарсылыққа қосылыңыздар", - деп мәлімдеді Амрулла Салех.
"Мен ешқашан, қандай жағдай болса да тәліп лаңкестері алдында бас имеймін. Жанымды сатпаймын, батыр, қолбасшы, аңыз әрі ұстаз Ахмад Шах Масудтың мұрасын сатып кетпеймін. Мені тыңдаған миллиондарды жерге қаратпаймын. Мен ешқашан "Талибанмен" бірге болмаймын. Ешқашан", - делінген Салехтің тағы бір твитінде.