$ 449.58  486.94  4.86

Елімізде биыл қанша астық жиналмақ?

Азық-түлік келісімшарт корпорациясының ресурстарына 769,5 мың тонна көлемінде астық жеткізуге келісімшарт жасалы.

Қазақстанның экспорттық нарықтардағы позициясын сақтап тұруға мүмкіндік бар. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біздің алдымызда әлемдік азық-түлік бағасының өсуі мен жалғасып жатқан Covid-19 коронавирус пандемиясы жағдайында елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша маңызды міндет тұр.

Облыстар әкімдіктерінің деректері бойынша астықтың жалпы жиналымының болжамды көлемі 15,3 млн тонна деңгейінде болады деп күтілуде. Бұдан басқа, республикада 3,5 млн. тонна көлемінде ауыспалы астық қалдығы бар», - деді Ербол Қарашөкеев.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында биыл Азық-түлік келісімшарт корпорациясы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуды жүзеге асырды, соның арқасында Азық-түлік келісімшарт корпорациясының ресурстарына 769,5 мың тонна көлемінде астық жеткізуге келісімшарт жасалы. Бұл ретте Азық-түлік келісімшарт корпорациясында 448 мың тонна көлемінде резервтік астық қоры бар. Көрсетілген астық көлемі қажет болған жағдайда, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оны тұрақтандыру үшін ішкі нарыққа бағытталатын болады.

«Ауыспалы қалдықтарды ескере отырып, жалпы жиналатын астықтың күтілетін көлемі республиканың ішкі қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге, сондай-ақ астықтың белгілі бір көлемін экспорттауға жеткілікті. Өндірілетін астық көлемі елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп ғана қоймай, Қазақстанның экспорттық нарықтардағы позициясын сақтап тұруға да мүмкіндік береді», - деді Е. Қарашөкеев.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#астық өнім