Ақтөбе облысының Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары Жамбыл Нұрбаев сотталды. Экс-шенеунік 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Ақтөбе қаласының №2 қылмыстық сотының үкіміне сілтеме жасап.
Іс материалдарынан белгілі болғандай, ақтөбелік компаниялардың бірі Құрылыс басқармасымен Темір ауданының Шұбаршы ауылында спорт кешенін салу туралы шарт жасасқан. Ведомство басшысының орынбасары Жамбыл Нұрбаев орындалған жұмыстардың актілеріне қол қойған.
Сол мерзімде нақты орындалмаған жұмыстар да көрсетілген. Содан кейін шенеунік спорт кешенін салған құрылыс фирмасының директорынан актілерге кедергісіз қол қойғаны және жалпы қамқорлығы үшін 6 миллион теңге пара алған. Мемлекеттік қызметші мен мердігер арасындағы пара туралы келіссөздерде делдал болған – құрылыс фирмасы директорының досы екені де айтылған. Осы заңсыз келісім салдарынан аталған 3 азамат та сот алдында жауап берді.
«Басқарма басшысының орынбасары Жамбыл Нұрбаев пара алғаны үшін (ҚК-нің 366-бабының 2-бөлігі), мердігер компанияның директоры Б.А.Утепов пара бергені үшін (ҚК-нің 367-бабының 2-бөлігі бойынша), оның танысы М.Т.Санкибаев делдалдық үшін (ҚК-нің 368-бабының 1-бөлігі бойынша) сотталды.
Алғашқы екеуі өздерін кінәлі деп танымады, үшіншісі қылмыстың егжей-тегжейін мойындады және айтып берді. Сот Нұрбаевтың ауыр жемқорлық қылмысын жасағанын ескере отырып, қылмыстық әрекетімен мемлекеттік орган жұмысына нұқсан келтірді деп, оған 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Утеповке 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады. Шын жүректен өкінгенін ескере отырып, Санкибаевқа 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады. Сотталғандардың барлығы өмір бойына мемлекеттік қызметте еңбек ету құқығынан айырылды», - делінген сот хабарламасында.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр Ақтөбе облысының Құрылыс басқармасының экс-басшысы мемлекетке 60 миллион теңге залал келтірген алаяқтық әрекеті үшін 7 жылға түрмеге қамалды.