$ 494.87  520.65  4.91

Құтқарушы қызметіне қандай адамдар келеді?

Skifnews.kz ақпараттық порталы  табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі мемлекеттік органдардың қызметін, оның ішінде өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың қызметін ақпараттық сүйемелдеу және түсіндіру мақсатында құтқарушы мамандығына қатысты шолу жасап көрді.
Фото: ашық дерекөз
Фото: ашық дерекөз

Құтқарушы – бұл жас немесе орта жастағы, физикалық тұрғыда шыдамды, батыл, өжет, батыр, психологиялық тұрғыдан тұрақты, қалыптасқан жағдайды лезде бағалай білетін және оған сәйкес әрекет етіп, команда құрамында жұмыс істей алатын, әрқашан өзгелерге көмектесуге дайын адам.

Құтқарушы мамандығы біздің ел үшін әлі жас мамандық болғанымен, қазақстандық қоғамда керемет танымалдыққа көтеріліп, өзінің қажеттілігін дәлелдей алды. Құтқарушы - бұл бірінші кезекте көмекке келетін және өз өмірін қатерге тігіп, адамдарды құтқаратын адам. Азаматтық қорғау органдарында ерлермен қатар кинолог-әйелдер, өрт сөндірушілер мен құтқарушылар, диспетчер-әйелдер, радиотелефонистер, психологтар, дәрігерлер де жұмыс істейді. 

Айта кету керек, 2014 жылы жойылып, өкілеті Ішкі істер министрлігіне өткен Төтенше жағдайлар министрлігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында қайта құру туралы тапсырма берген болатын. Осы орайда Skifnews.kz ақпараттық порталы  табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі мемлекеттік органдардың қызметін, оның ішінде өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың қызметін ақпараттық сүйемелдеу және түсіндіру мақсатында құтқарушы мамандығына қатысты шолу жасап көрді. 

Төтенше жағдайлардың залалын және өлім-жітімді азайту ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бір бөлігі саналады. Төтенше жағдайлардың басты себебі - адам, оның абайсыздығы мен жауапсыздығы. Ал ТЖМ құтқарушысы-тәуліктің кез келген уақытында және кез келген жағдайда көмекке келетін маман. Көмек дереу және жоғары деңгейде көрсетіледі.

Қазақстанда құтқарушылар көп пе?

Бүгінгі таңда еліміздегі өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың саны шамамен 18 мың адамды құрайды. Республикада 200-ден астам өрт сөндіру бөлімшесі бар. Жұмыс істеп тұрған шағын бөлімшелерді толықтыру үшін шамамен 4 мың адам қажет.

Сонымен қатар, алдағы жылдары 11 өрт сөндіру депосын пайдалануға беру жоспарланып отыр, осыған байланысты азаматтық қорғау органдарының штат санының лимитін 1041 бірлікке кезең-кезеңімен ұлғайту мәселесін қолдау талап етіледі. Алайда, әр елді мекенде өрт сөндіру депосын құру әзірге мүмкін емес, өйткені бұған қомақты қаражат қажет.

Сондықтан шалғайдағы және саны аз елді мекендерде (5000 мыңнан кем тұрғын) өрт сөндіру бекеттері өртке қарсы қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі қызметті жүзеге асырады.

Бүгінде республикада 387 бекет бар. Оң динамиканы ескере отырып, облыс әкімдіктері 221 бекет ұйымдастыруды көздейтін 2021-2023 жылдарға арналған жоспарларды әзірлеп бекітті.

Сондай-ақ, еліміздің елді мекендерінде 3 960 ерікті өртке қарсы құрылымдар құрылды, олардың құрамында 40 мыңға жуық ерікті мен 8 мыңнан астам техника бар. Бұл құрылымдар-өрттердің алдын алу және сөндіру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру үшін құрылған қоғамдық бірлестіктер.

ТЖМ қызметкерлерінің жалақысы 65%-ға өсті

ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин ТЖМ қызметкерлерін әлеуметтік қорғауға қатысты  қандай жоспар барын атап өтті.

«Өздеріңіз білетіндей, 2020 жылдың қаңтар айынан бастап азаматтық қорғау органдарының 19 мыңнан астам қызметкерінің лауазымдық айлықақысы көтерілген. Қызметкерлердің жалақысы орындалатын функцияларға байланысты 20% - дан 65% - ға дейін өсті.

Мысалы, қарапайым өрт сөндірушінің ақшалай үлесі орта есеппен 40 мың теңгеге артты. Енді өрт сөндірушінің жалақысы жұмыс өтіліне, сыныптық біліктілігі мен атағына байланысты орташа есеппен 99-дан 160 мың теңгеге дейін құрайды.

Қызметкерлердің әлеуметтік пакетін жақсарту бойынша мәселелер пысықталатын болады. Қызметкерлердің тұрғын үй мәселелерін шешу мақсатында ведомстволық жатақханаларда уақытша қызметтік тұрғын үй беріледі», - деді ол.

Соңғы жылдары республиканың өрт-құтқару бөлімшелерін инновациялық техникалық қайта жарақтандыру бойынша белгілі бір нәтижелерге қол жеткізілді. Заманауи талаптарға жауап беретін түбегейлі жаңа және тиімді өрт сөндіру технологиялары енгізілді.

Министрлік дүлей зілзалалар мен авариялардың зардаптарын жоюға ғана байланысты қызметтен олардың туындау қатерін басқаруға, әлеуметтік, экономикалық және экологиялық жүйелерге әсерін азайтуға көшті. 

Әкімшілік кедергілерді жою бойынша ұйымдастырушылық және құқықтық шаралар қабылдануда. Салынып жатқан және іске қосылатын мемлекеттің өнеркәсіптік инфрақұрылымының қауіпті және стратегиялық маңызды объектілерінің аварияға қарсы тұрақтылығын арттыру жөніндегі шаралар кешені іске асырылуда.

ТЖМ-нің алдағы жоспары қандай?

Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, министрлік бірінші кезекте, қызмет көрсету сапасын арттыруға тырыспақ ниетте. Азаматтардың өтініштеріне жедел және тез әрекет ету басты назарға алынып отыр.

Екіншіден, азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін қайта қарауды, яғни халықты, объектілерді және ел аумағын ТЖ кезінде туындайтын қауіптерден қорғау жөніндегі жалпы мемлекеттік іс-шаралар кешенін іске асыруға арналған азаматтық қорғаудың басқару органдарының, күштері мен құралдарының бірқатар функцияларын қайта қарау жоспарда бар.

Сондай-ақ республика автожолдарының авариялық-қауіпті учаскелерінде шұғыл медициналық көмек көрсету үшін құрылған трассалық медициналық-құтқару пункттерін дамыту межесі тұр.

Қазіргі қиын жағдайда әр түрлі тәуекелдерді салыстыру және іс-әрекеттің басымдылығын анықтау үшін Ұлттық тәуекелдерді бағалау жұмыстарын жасау қажет. Бұл процесс әртүрлі тәуекелдер туралы арнайы білімі бар мемлекеттік мекемелердің күш-жігерін үйлестіруге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, министрлік азаматтық қорғау органдарын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеуде, онда дамудың үрдісі мен пайымы айқындалатын болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары