31 жастағы Айдос Аринов Tik-Tok желісінде қызықты видеолар түсіріп, танымалдылыққа ие болды, деп хабарлайды ЭК.
Оның Kid Laroi мен Джастин Бибердің орындауындағы танымал Stay әніне түсірген соңғы видеосы әлеуметтік желілерге тарап кетті, деп жазады Instagram желісіндегі kazpress.kz парақшасы.
Айдос Қарқаралыда дүниеге келген, қазір отбасымен Қарағанды қаласында тұрып жатыр. Әлеуметтік желіде Айдостың 41 мыңға жуық оқырманы бар.
Айдос автобус жүргізушісі болып жұмыс істеп жүргеніне он жыл болды. Оған видео түсіріп, оны монтаждауға әріптесі, Қажымұқан есімді кондуктор көмектескен.
Қарағандыда автобус жүргізушілеріне деген қарым-қатынас нашар. Адамдар олардың сыртынан дөрекі, ашулы деп жиі шағымданады. Мен осындай түсініспеушілік болмас үшін, қашан да адамдардың көңілін көтеруге тырысамын, - деп ағынан жарылды ол.
Қоғамның жүргізушілерге деген көзқарасын өзгерту мақсатында ол өзінің бейнероликтерінде автобус қызметкерлірінің жұмысын көрсетеді.
Мен видеолар арқылы қаланың кем-кетігін көрсетемін. Мысалы, жол мәселесін көтердім. Менің пайдам тиіп жатса, шын жүректен қуаныштымын, - дейді Айдос.
Қазір Айдосты қала тұрғындары танып, бірге суретке түсіп жатады. Ол видео түсіруді тоқтатпайтынын, болашақта бас қалаға ауысу жоспарда барын айтты.