23.08.2021, 22:45

«Үшінші әйелім дүниеге ұл әкеліп, есімін Алпысбай деп қойдық» - Алексей Ни

Фото: ашық дереккөз
Ауыр атлетикадан Қазақстан ұлттық құрамасын 22 жыл жаттықтырған Алексей Ни қазір қайда?

Ауыр атлетикадан Қазақстан ұлттық құрамасын 22 жыл жаттықтырған Алексей Нимен ЭК тілшілері сұхбаттасып, Токио Олимпиадасы және немен айналысып жүргенін сұраған екен.

Ол ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасын 1994-2016 жылдары баптады. 2016 жылы Рио Олимпиадасынан кейін қызметінен кетті. Нидің тұсында Қазақстан құрамасы ауыр атлетикадан Олимпиададан алты алтын, бес күміс, төрт қола медаль жеңіп алған. Бірақ допингтік тексерістен кейін біразын қайтарып бердік. Қазіргі кезде сол алты алтынның тек екеуі қалған.

— Алексей, Токио Олимпиадасы аяқталды. Қазақстан ауыр атлеттерінің нәтижесіне көңіліңіз толды ма?

— Екі спортшы барды, екеуі де жүлде әкелді. Оларға қандай кінә тағамыз. Артылған сенімді ақтады деп ойлаймын. Алтын алмағанымызды айтып тұрсаңыз, жалғыз ауыр атлеттер емес, басқаларына да алтын бұйырған жоқ. Қазақстан сегіз қола медальмен шектелді. Миллардтаған қаржы бөлініп жатқан боксшылардан чемпион шықпаса, бар-жоғы екі спортшы барған ауыр атлеттерден алтын күту қиын ғой.

— Қарап отырсақ, көрші Өзбекстан соңғы екі Олимпиададан да алтын алыпты. Бұл елде ауыр атлетика жаңа қарқын алып жатқандай...

— Дұрыс айтасыз, Рио Олимпиадасында Руслан Нурудинов чемпион атанды. Осы жолы Ақбар Джураев топ жарды. Бәріміздің негізі мектебіміз бір ғой. Кеңес Одағының спорт мектебінен тәрбие алдық. Методикамыз да ұқсас.

— Өзбекстан құрамасында қазақстандық бапкер Ержас Болтаев еңбек етіп жүргенін жанкүйерлердің көпшілігі естіді. Оның Қазақстаннан кетуіңізге сіздің қатысыңыз бар деп айыптайтындарға не айтасыз?

— Екеуіміздің арамызда ешқандай жеке реніш жоқ. Әрине, жұмыс барысында келіспей қалатын сәттеріміз болатын. Ол енді айғалатып, жалауатып айтатын нәрсе емес. Қазір Ержас Өзбекстан құрамасында кеңесші болып жүр. Бұл оны өз таңдауы. Мен оған тек сәттілік тілеймін.

— Рио Олимпиадасында жүлде алған ауыр атлеттердің бірде-біреуі Токио Олимпиадасына барған жоқ. Кейбірі, тіпті, соңғы кездері көрінбей кетті. Мұның себебі неде?

— Мен 2016 жылы ұлттық құрамадан кеттім. Одан кейін бас бапкер Юрий Мельников болды. Кейін тізгінді Бақыт Ахметов алды. Сондықтан құрамадан барлық жаңалықтан хабардар емеспін. Әрине, Карина Горичева, Денис Уланов, Жазира Жаппарқұлдар әлі 30 жасқа да толған жоқ. Сондықтан олардың спортты жалғастырғанда әлемдік додалардан жүлде алуға қабілеттері жететіне сенімдімін. Меніңше, оларда бұрынғыдай құлшыныс жоқ. Бір рет жүлде алған спортшы бұрынғыдай "голодный" болмайды. Тоқмейілсіп қалады. Содан кейін келесі жарыстарда бар күштерін салмайды. Атлет үнемі аш болу керек, мотивациясы, құлшынысы жоғары болуы тиіс. Сол кезде нәтижеге қол жеткізе алады.

— Ауыр атлетиканы Олимпиада ойындарынан алып тастауы мүмкін екені айтылып жүр. Бұған не дейсіз?

— Бір кездері бокс пен күресті де алып тастамақшы болды. Мүмкін сондай қорқыту шығар. Халықаралық Олимпиада комитетінде жұмыс істемегендіктен ол жағынан нақты ақпаратым жоқ. Уақытында көре жатармыз. Мұның астарында саясатта болуы мүмкін.

— 22 жыл ұлттық құраманың бас бапкері болдыңыз. Енді немен айналысып жүрсіз?

— Осы күні Алматы қаласындағы Олимпиадалық даярлау орталығының ауыр атлетика бөлімінде қызмет етемін. Қызметім — бапкер-консультант. Білген түйген тәжірибемді жастарға үйретемін, ақыл-кеңесіммен бөлісемін. Дарынды жастар өте көп. Қазақстанда әу бастан бұл спорт түрінен дарынды балалар жетерлік. Қазірде олардың бір топ ізбасарлары өсіп келеді. Ұлттық құрамадан кеткен соң, көп уақытымды отбасыма арнайтын болдым.

— Отбасыңыз туралы айтсаңыз?

— Мен өзім үш рет отбасы құрған азаматпын. Кейбіреулер айтып жүргендей, ешкіммен көңілдес болып жүрген жоқпын. Заңды түрде үшінші рет үйленгенмін. Қазіргі жарымның есімі — Виктория. Өзім секілді кәріс ұлтының өкілі. Былтыр әйелім шекесі торсықтай ұл баланы дүниеге әкелді. Есімін Алпысбай деп қойдық. Өйткені мен алпыс жасқа толдым. Бірінші әйелімнен екі балам бар. Үлкен ұлым Владимир 34 жаста. Қазір шетелде тұрады. Кейіннен Айза есімді Қарағандының арғын руының қызына үйленгенмін. Одан Галина, Азалия есімді егіз қыздарымыз бар. Бөлек тұрсақ та, араласып тұрамыз.

— Әңгімеңізге рахмет!