Бұған дейін Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қалада екі миллионыншы тұрғынның дүниеге келгенін мәлімдеген еді.
«Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қазірдің өзінде қазақстандықтар 19 миллионға жетті. Ал Алматы халқының саны екі миллионнан асты! Аяла Жамбыл екі миллионыншы тұрғын атанды. Ол полиция қызметкері Бейбіт Әбілдаев пен балабақша тәрбиешісі Әлия Жәнібекованың отбасындағы алтыншы қыз. Денсаулық, амандық пен бақыт тілеймін!», деп жазды ол өзінің Facebook-тегі ресми парақшасында.
Алматының екі миллионыншы тұрғыны Аяла Жамбыл 2021 жылдың 21 маусымында дүниеге келген. Қыз бала отбасындағы алтыншы бала. Аяланың бес әпкесі бар.
«Декретке дейін балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істедім. Балаларды, оларды баққанды жақсы көремін. Сондықтан шығар, жаратқан маған осындай сый жасады - алты қыздың анасы атандым», - деді анасы Әлия Жәнібекова.
Екі миллионыншы тұрғынның әкесі полицияда жұмыс істейді. Аяла төрт келіден сәл асып туған. Отбасы ұлы мен үлкен пәтері болғанын қалайды. Қазір жанұя баспана кезегінде 2050-ші болып тұр және ата-анасымен бірге тұрады.