$ 446.49  475.38  4.79

Жамбылдағы ахуал: Оқ-дәрілер жанып, әлі де жарылуы мүмкін

Өртті сөндіру мүмкін болмай, ол басқа қоймаларға қарай өтіп кетті. Салдарынан бірнеше инженерлік оқ-дәрі жарылысы орын алды.
Фото: видеодан скриншот
Фото: видеодан скриншот

Қорғаныс министрілігі өңірдегі инженерлік оқ-дәрі қоймасындағы ахуалға қатысты түсініктеме берді. 2021 жылдың 26 тамызы күні сағат 19:00-де Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімшеде өрт шыққан, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өрттің алғашқы минутынан бастап дабыл бойынша әскери бөлімшенің өрт сөндіру командалары көтерілді, олар шынжыр табанды және дөңгелекті техникамен өртті сөндіруге кірісті.

Жамбыл облысы ТЖД өрт сөндіру топтары шақырылды. Өрттің шығу себептері әлі анықталмады. Жалын тез арада оқ-дәрі сақталған қоймаларға қарай өтті. Инженерлік оқ-дәрілер – бұл табиғи (жартастар, таулар) және қолдан жасалған (ғимараттар, құрылыстар) әртүрлі нысандарды жаруға арналған.

Оларды жаудың техникасы мен жұмыс күшін жару үшін де қолдануға болады. Олар: қопарғыш, фугас, жаяу әскерге қарсы және танкіге қарсы миналар, тротил және басқа да жарылғыш заттар.

Өртті сөндіру мүмкін болмай, ол басқа қоймаларға қарай өтіп кетті. Салдарынан бірнеше инженерлік оқ-дәрі жарылысы орын алды.

Куәгерлер видеоға түсіріп алған аспандағы іздер қоймада сақталған дабыл патрондарының өртенуінен болуы мүмкін.

Артиллериялық және реактивті оқ-дәрілерге қарағанда инженерлік оқ-дәрілерде снаряд орнатылмаған. Өрт пен жарылыс кезінде олар үлкен қопарылыс толқынын, жалын мен шу әсерін тудырады. Алайда ірі бөліктер, сынықтар мен фрагменттер жан-жаққа ұшпайды.

Жарылыстар уақыт өте тоқтады, алайда өрт әлі сөнген жоқ. Инженерлік оқ-дәрі мен жарылғыш заттар үлкен қопарылыс толқынын, жалын мен шу әсерін тудырып, жанып, жарылуы мүмкін.

Әскери бөлім мен инженерлік оқ-дәрі қоймасы 1972 жылдан бері бар. Арыстағы өрттен кейін 2019 жылдан бастап қоймадағы инженерлік оқ-дәрілердің бір бөлігі осында жеткізілген. Бұл оқ-дәрілер жергілікті жарылыстарға арналған және алыс қашыққа ұшатын снарядтармен жабдықталмаған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары