$ 494.87  520.65  4.91

Жер сілкінді деп ойладық. Жарылыс болған маңдағы ауыл тұрғындары не дейді

Аудан бойынша газ өшіріліпті. Ауыл тұрғындары тамақ жасай алмай отыр екен. Сондай ақ дүкендерде нан бітіп, енді оны қай уақытта жеткізілетінін білмейді.

Байзақ ауданының тұрғындары әскери бөлімнің қай маңында жарылыс болғанын, сол уақытта ауылдың қандай күйге түскенін баяндап берді, деп хабарлайды zakon.kz тілшісі

Айдар Оразалиев отбасы мүшелерін басқа ауылға аттандырып, өзі үйін қарауылдап қалғанын айтады.

Үйдегілер кешкі сегіз тоғыздар шамасында басқа ауылға кетті. Кім қайда бара алса, сонда кетті. Ал, мен үйіме қарап қалдым. Менің әйелім, төрт қызым, әке-шешем, аға-інім бар. Отбасымда барлығы - 15 адам. Далада жүрген балалар қорыққанынан жылап, кейбірі тіпті сөйлей алмай қалды. Ауылдағылар түнде бір үйге ұрлықшы түсті дейді. Бірақ кімнің үйін тонағанын білмеймін. Менің үйіме ешкім ұрлыққа түспепті. Үйге келсем, үй іші астан-кестең, теледидар жерде жатыр. Басында теледидарды біреу алып кетіпті деп ойлап қалдым. Сөйтсем, жерде жатыр, - дейді ол. 

Ауылдың тағы бір тұрғыны Айзада Әлменованың өз дүкені бар екен. Жарылыс гүрс еткенде ол жұмыста болыпты.

 

Кешкі сағат алты-жетілер шамасында жарылыстың дауысы шықты. Кондиционер, тоңазытқыш бәрі өшіп қалды. Басында жер сілкінісі болып жатыр екен деп қалдым, шықсам түтіннің иісі шығып тұр. Бірақ оған мән берген жоқпын. Терезеден бомба жарылғандай көріністі көрдім. Жүрегімізден жүрек қалған жоқ. Тоғыздарға таман қыздарым мені алып кетті. Әкімшіліктің чатында тұрғындардан сабырлылық танытуды сұрады. Бірақ біз Арыстағы жағдайды білеміз ғой. Кейін тағы бір жарылыс болды, терезелер сынды. Сосын бәрін өшіріп, кетіп қалдым, - дейді Айзада.
Айзада дүкенімді тонап кете ме деп, уайымдап түнде ауылға қайта оралған. Алайда, сарбаздар барлығын қарауылдап тұрғанын көрген соң, үрейі басылған.

Түнгі үште дүкенге қайтып келсем, сарбаздар тұр екен. Жастардың көмектесіп жүргенін көріп қуанып қалдым. Әскерилерге қарындары ашып қалмас үшін су мен тіскебасарлар бердім, - дейді ол.

Аудан бойынша газ өшіріліпті. Ауыл тұрғындары тамақ жасай алмай отыр екен. Сондай ақ дүкендерде нан бітіп, енді оны қай уақытта жеткізілетінін білмейді.

Газды ремонт жасаймыз деп өшіріп тастады. Барлық дүкендерде нан жоқ. Ертең де нан келмеуі мүмкін. Халық енді қалай күн көреді? Газ болса ең құрығанда тамақтарын жасап ішер еді, - дейді Айзада.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары