Жағалаудағы тұрғын үйлер терезесін ашудан қалды
Экологтар таяуда Есілді «Қазақстандағы ең лас өзеннің бірі» деп бағалады. Қазіргі кезде көктеп, балдыр басып кеткен астананың су артериясы танауды жаратын жағымсыз иіс шығаруда. Нұр-Сұлтан тұрғындары мен қонақтары қала ішінің өзінде өзен жағалауымен серуендеу мұңға айналғанына шағымданады, деп жазады Inbusiness.kz.
Өз кезегінде мамандар күн сайын дерлік су бетін ескі тәсілдермен тазартуға тырысып келеді. Сондай-ақ өрт болмауы үшін қамысын шабады, су қоймасының жағасында өскен құрақтарды отайды. Бірақ бұл бәрібір, жеткіліксіз екені аңғарылады. Салдарынан, Нұр-Сұлтанда, өзен жағасындағы «river view» аталатын қымбат әрі әсем көрініске ие заңғар үйлердің тұрғындары терезелерін аша алмай, бөлмелерін желдете алмай жүргендерін айтып, әкімге арыздануда.
Елорданың өзге тұрғындарын да судың жағдайы алаңдатады. Өйткені оның бойында жаз бойы жағажай-пляждар, рекреациялық-демалыс аймақтары жұмыс істеді, жұрт жаппай суға шомылды.
Өзенмен серуен кемелері жүзіп, оның жолаушылары зиянды заттармен тыныстады.
«Тамызда Есіл өзені әсіресе, Нұр-Сұлтанның «Самал» шағын ауданы жанындағы көпір маңында улы жасыл түске боялды. Сонымен қоймай, су бетіне химиялық заттардың үлкен дағы жайылды. Экологиялық ведомство Instagram арқылы жауап беріп, химиялық қалдықтар тасталғанын хабарлады. Сондай-ақ істің құзырлы органдарға берілгені айтылды. Содан бері үнсіз. Тексерудің нәтижесі не болды? Бас қаланың суын қорықпай ластап жүргендер кімдер? Жұрт өз «қаһармандарын» білуге тиіс», – дейді кәсіпкер, қоғам белсендісі Лейла Ужахова.
Сорақысы сол, су беті кейбір жерде сол ластанған күйде қалған көрінеді. Тұрғындар әкімдіктің, жауапты органдардың суды тазалауға талаптанбай отырғанына таң.
Улы заттар шекті шамадан асып кеткен
Мәселе бойынша Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің вице-министрі Серікқали Брекешев түсініктеме берді.
Оның мәліметінше, шынында 2021 жылғы 4 тамызда Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Экология департаменті жергілікті Қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану басқармасымен бірлесіп, Есіл өзеніне мониторингті жүзеге асырған.
«Оның барысында Есіл өзенінің жағалары жасыл реңкке боялғаны тіркелді. Мамандар «Атырау көпірі» астында және «Самал» шағынауданына қарама-қарсы жерде судың сынамасын алды. Суға жүргізілген химиялық талдау нәтижесінде нитраттардың, жалпы темірдің, хлоридтердің және марганецтің шекті рұқсат етілген шоғырлану шамасынан әлдеқайда асып кеткені анықталды.
Ластау көзін табу және тиісті шаралар қабылдау мақсатында Экология департаменті «Сарыарқа» ауданы әкімінің аппаратына, аудандық полиция басқармасына, Нұр-Сұлтан қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану басқармасына және Есіл бассейндік инспекциясына хаттар жолдады», – деді экология вице-министрі.
Қазіргі кезде аталған меморгандар кінәліні іздеп жатқан көрінеді. Министрлік олардан тиісті жауап алғаннан кейін инспекторлық ден қою шараларын қабылдауға кіріспек. Өз кезегінде Есілден сынама алған экологтар зерттеу нәтижесінде өзен суын 5-ші, ең нашар сыныпқа жатқызды.
«Қазгидромет» мамандары Есіл өзенінде магний мен фосфаттың шекті шамадан асып түскенін хабарлады. Бұл мұндай суда шомылуға мүлдем болмайды деген сөз. Егер проблеманы алдағы уақытта жедел шешпесе, жыл өткен сайын өзеннің жай-күйі қиындай түспек. Бұл жағдайда Нұр-Сұлтанды екіге жарып ағатын су мен оның жағалауы бас қаланың мақтанышы болудан қалады, қайта қалалықтардың денсаулығына зиян, лас, жиіркенішті, былық жерге айналып кетуі ықтимал.
Қазақстанның практик экологтары қауымдастығының төрағасы Лаура Мәлікова журналистерге сұхбатында бұл өзенге зиянды заттарын төгетін кәсіпорындар жетерлік деген пікір білдірді. Әрине, олардың бәрі тек техникалық деңгейге дейін тазартылған суды ғана өзенге төгуі керек. Бірақ жергілікті компаниялар бұл талапты сақтай бермейді. Әрі тазарту жүйелері де тозған.
«Есілдің ластануы проблемасын шешу үшін шығарынды тастайтын көздердегі тазалау жүйелерін жақсарту керек. Мысалы, «Астана Су Арнасы», коммуналдық шаруашылықтар бүкіл қаладан жиған кәріз-канализация суын Есілге лақтырады. Бұрын Талдыкөлге тазаламай тастайтын, бірақ алты жылдай бұрын оған ағын суын ағызуға тыйым салынды. Енді тазалап, Есілге құя салады. Демек, коммуналдық кәсіпорынның тазалау құрылғыларын жаңғыртқан, ағын суларын тазалау технологияларын жақсартқан жөн», – деді эколог.
Дегенмен, құзырлы органдарға алдымен Есілге улы заттарды нақты кім төккенін анықтау қажет болады.