Жамбыл облысындағы әскери бөлімде болған жарылыс кезінде зардап шеккендердің жағдайына қатысты облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әсет Қалиевтің айтуынша, қазіргі таңда жарылыстан зардап шеккен 28 адам Тараздағы көпбейінді ауруханада ем алып жатыр.
«Ем алып жатқандардың бәрінің жағдайы қалыпты. Олардың төртеуінің жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр, қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Дегенмен, олардың да жағдайы біртіндеп жақсарып келеді. Бірінші күні жансақтау бөліміне алты адам түскен болатын, олардың екеуі жағдайының жақсаруына байланысты жалпы бөлімге ауыстырылды. Олардың өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ», - деді Әсет Қалиев.
Басқарма басшысының айтуынша, науқастарды емдеуге қажетті дәрі-дәрмектің бәрі ауруханада жеткілікті.
Жамбыл облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәлметінше, 29 тамызға дейін зардап шеккен 105 адам медициналық көмек алған. Олардың 70-і амбулаторлық ем қабылдауға жіберілсе, 28-і стационарда ем алуын жалғастыруда. Жеті адам әскери госпитальге ауыстырылды. 13 адам қаза тапты.
Естеріңізге салсақ, 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімдегі инженерлік оқ-дәрі сақталған қоймада сағат 19:00 шамасында қоймалардың бірінің жанында алапат өрт шығып, соңы жойқын жарылысқа ұласқан болатын.
Жарылыс салдарынан 13 адам қаза тапты. Олардың арасында әскери қызметшілер, өрт сөндірушілер, құтқарушылар, әскери прокурор бар. Өлі табылған тағы үш адамның аты-жөні анықталып жатыр.
Қорғаныс және Төтенше жағдайлар министрліктері әлі бірнеше адаммен байланыс орната алмай отыр.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 29 тамыз – Жалпыұлттық аза тұту күні болып белгіленді.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысының Жарлығымен әскери және қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы әскери қойма жарылысында қаза тапқан азаматтар мемлекеттік наградамен марапатталды және Жамбыл ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары Мейіржан Қақпасынұлы Аймановқа «Халық қаһарманы» атағы берілді.
Сонымен қатар ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин қоймада жарылмай қалған оқ-дәрілер бар екенін, сондықтан қайта жарылыс болуы мүмкіндінін жоққа шығармайтынын мәлімдеген болатын.