$ 494.87  520.65  4.91

«Баламызды мектепке бермейміз». Түркістан облысында суицид жасаған оқушы қызға қатысты дау қайта жалғасты

Тұрғындар жас түлектің өліміне мектеп директорын кінәлайды.
фотосуретте: марқұм Эльвира Мықтыбек
фотосуретте: марқұм Эльвира Мықтыбек

Түркістан облысындағы Көкарал ауылының тұрғындары Білім күнінде мектеп директоры қызметінен кетсін деп шу шығарды. Өйткені, маусым басында оқушылар жаппай емтихан тапсырып жатқанда директор шпаргалка қолдандың деп, 15 жасар қызды көптің көзінше жерден алып жерге салған екен. Осыдан кейін 9-шы сынып оқушысы «үміттеріңді ақтамадым» деген тілдей хат жазып, ауласында асылып қалған. Сондықтан, тұрғындар өрімдей қызды өлімге итермелеген мектеп басшысы орнына босатуды талап етіп отыр, деп хабарлайды КТК.

Марқұмның әкесі директорға қатысты қозғалған іс сағызша созылып кеткенін айтады.

«Тергеу бөліміне, облыстық департаментке қанағаттанбаймын. 3 айға созылып кетті бұл. 3 ай болды бұл, 2 айда бітіреміз деп уәде берген. Күдігім бір-бірімен байланысы бар, болды. Сыбайлас. Жаңағы ДВД-мен, білім саласы, облыс,аудан білім бөлімі бәрінің бір-бірімен байланысы бар», - дейді марқұмның әкесі Ақылбек Тәліпбаев.

Қыздың өлімінен соң ауыл тұрғындарының көбі мектеп директорына қарсы шыққан. Сондықтан олар мектеп директоры Айсара Стаева орнын босатпаса балаларын мектепке жібермейміз деп отыр.

«Мен бермеймін. Ол директор болса жібересіңдер ма?! Жібермейміз. Бас тартамыз. Оқымаса оқымай кетсін. Білім алмаса алмай кетсін. Одан шыққан, ондай басшыдан шыққан оқушылар қандай оқушы болады, қандай тәлім-тәрбие алады ондайдан», - дейді Көкарал ауылының тұрғыны Жұлдызай Сұлтанова.

Білім күнінде мектеп директорының өзі орнында болмай шықты. Есесіне жиналған ата-аналар алдында ақталуға Айсара Стаеваның қайын атасы келіпті. Ол келінінің бұл мектепке директор болғысы келмейтінін айтты. Ауыл тұрғындары бұған дейінгі басшыларды да сыйғызбағанын айтқан ақсақал, келіні басқа жұмыс іздеп жатқанын жеткізді.

Оқи отырыңыз: Түркістан облысында суицид жасаған оқушы қыздың әкесі тағы да мәлімдеме жасады

Директор келмегенімен, жиналған жұрттың уәжін тыңдауға аудандық білім бөлімінің басшысылары жетті. Айтуынша, директорды өздері де таппай жатыр екен. Ал, сыртынан қызметінен босатуға заң рұқсат етпейді, сондықтан тергеу органдарының шешімін күтпек.

«Құзырлы мекемелердің тексеру қортындысын күтудеміз. Егерде қортындысы қолымызға тимесе, мен мектеп директорына дәлелсіз «жұмыстан кет» дей алмаймын. Өйткені заң бәрімізге бірдей, ертең ол кісі де заңға бағынады», - дейді Ордабасы ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Шұға Нұрабаева.

Ал, ауыл тұрғындары Айсара Стаеваны білім саласынан мүлдем аластатуды талап етіп отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары