02.09.2021, 21:16

Еліміздегі ауасы ең лас қалалар белгілі болды

Облыс әкімдіктері осындай жұмысты екінші және үшінші санаттағы кәсіпорындар үшін өткізуге тиіс.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев  ауасы ең лас қалаларды айтты. 

"Биылғы экологиялық мониторингтің нәтижесінде Теміртау, Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Өскемен, Қарағанды, Балқаш, Жезқазған, Шымкент қалаларында атмосфералық ауаның ластану деңгейі жоғары екені анықталып отыр", - дейді министр.  

Экология министрлігі осыған орай зиянды заттардың ауаға таралуын азайту үшін бірқатар шаралар қабылдаған. Алдымен, экологиялық кодекске сәйкес, кәсіпорындар ең үздік қолжетімді технологияларды енгізеді. Бұдан соң АрселорМитталТеміртау, ҚазМырыш сияқты ірі кәсіпорындар шығарындыларды 20-30%-ке дейін қысқартуды жоспарлап отыр.

Экология министрлігі олармен тиісті меморандум бекіткен. 2025 жылға қарай он қалада бірінші санаттағы кәсіпорындар үшін шығарындылар лимиті кемінде 20%-ке төмендетіледі. Облыс әкімдіктері осындай жұмысты екінші және үшінші санаттағы кәсіпорындар үшін өткізуге тиіс. Шығарындыларды азайту мақсатында әкімдіктер елді мекендер мен шаруашылық субъектілерін газдандыруды жалғастыруы қажет. Сонымен қатар қоғамдық және коммуналдық көлікті газ және электр көлігіне ауыстыру жұмысын одан әрі жүзеге асырған жөн.

 

Тегтер: экология