Жамбыл облысындағы әскери қоймадағы жарылыс кезінде бір жауынгер бой тасалап тауға кетіп қалған болуы мүмкін. Тауды бетке алып бара жатқан әскери формадағы адамды жақын маңда қой бағып жүрген шопан көріпті. Ақпаратты Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Талғат Мамаев Aibat жаңалықтар қызметінің тілшісіне берген сұхбатында растаған.
Із-түссіз жоғалған әскери бөлімшенің 34 жастағы жауынгері Бауыржан Дәуітбаевты іздеуге жүз адам жұмылған. Атқамінерлердің сөзінше, жауынгер контузия алып, есін білмеуі мүмкін. Бауыржан Дәуітбаев әскери бөлімшенің өрт сөндіру жасағына жетекшілік етіп, алдыңғы шепте болған. Ешқайда бұрылмастан тау жоталап жоғары кете барған әскери шопанның шақырғанына елең етпеген.
"Мәлімет түскен болатын, бір кісі сыртта әскери форма киіп, құлағын жауып тауға қарай жүрген. Соған байланысты іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр", - дейді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Талғат Мамаев.
Еске салайық, 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімде сағат 19.00 шамасында қоймалардың бірінің жанында өрт шыққан. Өрт салдарынан анықталмаған заттар жарылған. 100-ге жуық адам жараланып, 15 адам қайтыс болды.