Оралда жастардың топ болып төбелескені түсіп қалған видео әлеуметтік желі арқылы тарап кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Видеодан жастардың жаппай жағаласып жатқаны, біреуінің жерге құлап, кейбіреулерінің қашып кеткені анық көрінеді.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 3 қыркүйек күні шамамен сағат 21.40-та Жәңгір хан көшесі бойында болды.
Полиция қызметкерлері оқиғаға қатысы бар адамдардың бәрін де анықтады. Олар істің мән-жайын толық білу үшін Шаған полиция бөліміне жеткізілді.
Қазіргі кезде ҚР ҚК 293-бабы 1-бөлігіне (бұзақылық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да ток соққан 36 жастағы ер адамның мерт болғанын, сондай-ақ Оралда кісі өлтірген күдіктінің іздестіріліп жатқанын жазған едік.