Бокстан Қазақстан командасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев өз еркімен қызметінен кетті. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
«Ұлттық құраманың бас бапкері қызметінен өз еркіммен кеттім. Басшылар отставкаға қол қойды. Ешкімге өкпе жоқ. Екі жарым жыл жұмылып еңбек еттік. Командада тәжірибелі бапкерлер де, ысылған боксшылар да болды. Қолымыздан келгенін істедік.
Ешкімнің желкесінен сүйреп, чемпион қылғам жоқ, іріктеуден елдегі ең мықты деген боксшылар өтті. Олимпиадаға неге бармай қалғандарын ол жігіттер жақсы біледі, адам өз кемшілігін мойындап үйренгені дұрыс. Біздің қалауымыз бола бермейтінін олимпиада көрсетті.
Ең бір өкінетін тұсым - Сабырхан Махмұдқа мүмкіндік бере алмағаным. Бірақ, Сабырхан секілді жігіттер асыл тас секілді, су түбінде көп жатпайды, бағы жанса, халықаралық рингте қазаққа әлі талай жүлде сыйлайды. Мен Махмұдқа шын көңіліммен тілектеспін. Еліміз аман болсын. Қазақ боксына сәттілік тілеймін», - деп жазды Ғалымбек Кенжебаев.
Айта кетелік, Ғалымбек Кенжебаев 2018 жылдың желтоқсан айында бас бапкерлік қызметке кірісті. Геннадий Головкиннің алғашқы жаттықтырушысы Токио Олимпиадасынан кейін қызметінен кетіп отыр. Кенжебаевтың тұсында маңғыстаулық Бекзад Нұрдәулетов әлем чемпионы атанды. Ол 2019 жылы Екатеринбургте өткен әлем чемпионатында топ жарды.
Токио Олимпиадасында қазақстандық боксшылардың бірде-бірі финалға шыға алған жоқ. Отандық былғары қолғап шеберлері тәуелсіздік алғалы бері жазғы Олимпиададан алтын медальсіз оралды. Токио төрінде Қамшыбек Қоңқабаев пен Сәкен Бибосынов қола жүлде иеленсе, қалған алты боксшы жартылай финалға жетпей жеңіліп қалды.