08.09.2021, 12:00

Түркия қазақстандық QazVac вакцинасын мойындамай отыр

Фото: ашық дерекөз
COVID-19-ға қарсы QazVac екпесін алған туристер Түркияға бару үшін қосымша ПТР тестін тапсыруға мәжбүр.

QazVac вакцинасын алғандар Түркияға баруда кедергілерге тап болып жатыр, деп хабарлайды Express Qazaqstan.

COVID-19-ға қарсы QazVac екпесін алған туристер Түркияға бару үшін қосымша ПТР тестін тапсыруға мәжбүр. Өйткені түрік тарапы туристердің алған екпесіне күмәнмен қарайды. QazVac вакцинасын Түркияның мойындамай отырғанын ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің баспасөз қызметі де растап отыр.

Бұл мәселе әлеуметтік желіде қызу талқыланған тақырыптардың бірі болды. Себебі QazVac-тан басқа вакцина түрлерін алғандар үшін шекарадан асуда мұндай шектеулер қойылмаған.

QazVac (бұрынғы QazCovid-in) COVID-19-ға қарсы вакцинасы ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтында жасалған. Отандық препаратты сынақтан өткізу үшін 3 мың ерікті зерттеу жұмыстарына қатысқанын айта кетейік.

Әзірге бұл мәселенің қалай шешілетіні белгісіз. Ал, ғалымдар отандық препаратты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына тіркеу үшін құжаттарды дайындап жатыр.