$ 494.87  520.65  4.91

Ақылбек Күрішбаев егін алқаптары өнімділігін арттырудағы проблемаларды айтты

Оның пайымынша, еліміздің гидромет қызметін жаңғырту қажет.
Фото: ашық дереккөзі
Фото: ашық дереккөзі

Парламент Сенатының жалпы отырысында депутат Ақылбек Күрішбаев еліміздегі егін алқаптары өнімділігін арттырудағы проблемаларды айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мамандардың хабарлауынша, климаттың жаһандық жылынуы себебінен Қазақстан аумағында ауа температурасы соңғы 100 жылда 2 градусқа көтерілді. Ал соңғы 40 жылда ол әр он жыл сайын орта есеппен 0,34 градусқа ұлғайды. Яғни болашақта құрғақ жылдар мен құрғақшылықтың қайталану мүмкіндігі көбейетін болады. Биылғы құрғақшылық біздің ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақсыздығын және қаншалықты ауа райына тәуелді екенін көрсетті. Дәл осындай табиғи апаттар орын алатын дамыған аграрлық елдердің ешқайсысында біздегідей өнімділіктің төмендеп кетуі кездеспейді. Сондықтан біз әр өңірдің ауа райы жағдайына бейімделген ауыл шаруашылығын жүргізудің жаңа жүйесіне, яғни тәуекелдерді басқару режиміне ауысуымыз керек», - деді А. Күрішбаев Премьер-Министр Асқар Маминнің атына жолдаған сауалында.

Оның пайымынша, еліміздің гидромет қызметін жаңғырту қажет. Ауа райының нақты болжамының болмауына байланысты фермерлеріміз егін егудің оңтайлы мерзімін анықтай алмай отыр. Есептеулер бойынша биыл Қазақстанның солтүстік облыстарында дәнді дақылдарды ерте себудің салдарынан өнімнің үштен бір бөлігінен айырылып отырмыз.

«Екіншіден, депутаттар отандық сорттардың селекциясын дамыту мәселесін бірнеше рет көтерді. Құрғақшылыққа төзімді сорттарды тек биотехнологиялық заманауи әдістер негізінде ғана жасауға болады. Алайда мұндай зерттеулерді қажетті көлемде қаржыландыру мәселелері әлі де шешілген жоқ», - деді сенатор.

Оның айтуынша, аграрлық саланы дамыту бағдарламаларында облыстардың ауыл шаруашылығының мамандануына баса назар аударылған болатын. Қазір әркім қауқары неге жетеді сонымен айналысып кетті.

«Мал шаруашылығын мал азығы базасы шектеулі жерлерде дамытамыз. Өте құрғақ аймақта интенсивтік дақылдарды себетін болдық. Ал АҚШ-та, Канадада фермерлердің белгіленген мамандандыру бағыттарын сақтауы мемлекет тарапынан нақты реттеліп отырады», - деді А. Күрішбаев.

Сонымен қатар депутат тәуекелді егіншілік аймағындағы өнімнің тұрақтылығы топырақ құнарлығын арттыру арқылы қамтамасыз етілетінін атап өтті.

«Тыңайтқыштарды кеңінен қолдану фермерлер үшін қымбат болатыны түсінікті. Бірақ оларды ең болмаса, ең қажетті жағдайда, яғни дәл егіншілік технологиясын енгізу арқылы қолдануымыз керек. Ол үшін алдымен топырақтың дәл агрохимиялық картограммасын жасау қажет. Бірақ елдегі мемлекеттік агрохимиялық қызмет бұл жұмысты тиісті деңгейде қамтамасыз ете алмай отыр. Есеп комитетінен Агрохимиялық қызмет көрсету республикалық ғылыми-әдістемелік орталығына жұмсалатын бюджет қаражатының тиімділігін мұқият тексеруді сұраймыз. Оған жыл сайын 400 млн теңгеге жуық қаражат мемлекеттен бөлінеді», - деді сенатор.

«Ауыл шаруашылығындағы сақтандыру жүйесін түбегейлі жетілдіру керек. 2020 жылы тек 115 мың гектар егістік сақтандырылған, ал биыл 144 мың гектар ғана. Бұл егіс алқаптарының 1 пайызына да жетпейді. Салыстыра қарасақ, Канадада мемлекеттік сақтандыру іс-шараларының арқасында құрғақшылық жылдарында фермерлерге шығындардың 75-80 пайызы өтеледі», - деді Ақылбек Күрішбаев.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары