Ақтау қаласында жанар-жағармай құю бекетінің жанында 600 балаға арналған мектеп салынған. Қалалық төтенше жағдай басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Әбдіраш құрылыс компаниясының ғимарат салуға рұқсат алу құжатында мектеп салынатыны туралы айтылмағанын жеткізді. Білім ордасы әу баста құжатта әкімшілік ғимарат деп тіркелген, деп хабарлайды inAktau.kz.
Басқарма өкілінің айтуынша, мектеп пен жанар-жағармай құю бекетінің ара-қашықтығы кем дегенде 50 метр болуы керек.
«Егер тиісті органдардан, ата-аналардан ғимаратты тексеруге қатысты шағым түссе, біз оны орындаймыз. Ол үшін жазбаша өтініш керек», - дейді ол.
Маңғыстау облыстық Төтенше жағдайлар департаментіндегілердің айтуынша, «Гелиос» ЖШС-ның Ақтаудағы филиалы «Дарын» мектеп-лицейі салынғанға дейін жұмыс істеп тұрған.
Ал, облыстық Білім басқармасындағылар қауіпсіздік мәселесі БҒМ құзыретіне кірмейтінін жеткізді.
«Біз кадрлық мәселелерге, мектептің материалдық-техникалық базасына, тамағына, қызмет көрсетуіне жауап береміз. Ал, мектептің қайда орналасқанына қатысты біз жауап бермейміз», - делінген ведомство жауабында.
«Дарын» мектеп-лицейінің басшылығы әу баста бұл әкімшілік ғимараты болуы керектігін, кейін білім ошағы ретінде қайта құру туралы шешім қабылданғанын айтты. Айтуынша, оқушылардың қауіпсіздігіне байланысты шаралар қазірден бастап қабылданып жатыр.
Мектеп директоры Амангүл Жұбанованың айтуынша, төтенше жағдай болса ғимарат аумағында сыртқа шығатын бірнеше есік бар.
Мектеп 600 балаға арнап салынған. Алайда, қазір білім ошағында екі маусыммен мыңға жуық бала білім алып жатыр.