$ 494.87  520.65  4.91

Ауруханадан тірі шығып, орманда адасып өлген ананың туыстары әділдік іздейді

Бақытбек әпкесінің ешқандай психикалық ауытқуы жоқ екенін айтып отыр.
Фото: ашық дерекөз
Фото: ашық дерекөз

Елорданың іргесіндегі ауылдардың бірінен өлі денесі табылған Қазиман Асқардың інісі Бақытбек Қадыр Express Qazaqstan тілшісіне жағдайды айтып берді.

"Бұл кісі менің әкемнің туған апасы. Есімі — Асқар Қазиман. 1961 жылы дүниеге келген. Ақмола облысы, Шортанды ауданы Жолымбет кентінің тұрғыны. Үш күн бойы іздеген команданың құрамында жүрдім. Жалпы, 30-40 ағайын-туыс болып іздедік. Он шақты техника жұмылдырылды. 21 тамызда коронавируспен ауырады деп Аршалы ауданындағы (аудандық) ауруханаға жіберген. Үш күн жансақтау бөлімінде жатып, жаны әрең қалған", — дейді Бақытбек Қадыр.

Оның айтуынша, Аршалыға жіберудің себебі, Шортандыда өкпені жасанды желдедетін аппараттың болмауы. Аршалыдағы аурухана кейіннен науқасты инфекция бөлімінің палатасына ауысады. Мұнда он күн жатқан соң, дәрігерлер науқастың туыстарына бір ауыз ескертпестен, 6 қыркүйек күні түскі сағат 13:00-лерде шығарып жіберген. Сағат шамамен 16:00 кезінде жолдың жиегінде тұрғанын бір-екі адам көрген. Ары қарай не болғаны белгісіз.

"Дәрігерлер кейбір БАҚ өкілдеріне ескерткенбіз депті. Алайда нақты тексеретін болса, балаларының телефонына ешқандай қоңырау түспеген. Үш күн іздедік. Өлі денесі табылды. Балалары мен туыстарының ендгі талап ететіні — мәселенің әділ шешілгені. Тиісті адамдар жазасын алғанын қалаймыз", — деді Б. Қадыр.

Балалары соңғы 3-4 күн анасымен сөйлесе алмаған. Кезекші бөлімдегілерге қоңырау шалып, аналарының телефонын қуаттап беруді өтінген. Бірақ ол айтылған өтінішті ешкім орындамаған. Марқұмның өлі денесі 9 қыркүйек күні ауруханадан 2,5 шақырым жерден табылған.

Бақытбек әпкесінің ешқандай психикалық ауытқуы жоқ екенін айтып отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары