Сарыағашта учаскелік полицейлердің бірі - полиция капитаны Асқар Уәлиев өз аумағының тұрғыны, есірткі бойынша күдікті деп танылған ер азаматты сотқа дейінгі тергеуге шақыру кезінде жарақат алды.
Нақтырақ айтар болсақ, Сарыағаш АПБ-ның сақшылары арнайы рейд барысында күдік тудырған жаяу жүргінші анықталып, әңгімеге тартқан.
Құжаттары тексерілді. Тексеру барысында күдік тудырған жаяу жүргіншіден есірткі заты анықталды. Есірткі сараптамаға жолданып, қорытындысы бойынша «кептірілген марихуана» болып шықты.
Осыдан соң ауданның тәртіп сақшылары ер азаматқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы бойынша (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) сотқа дейінгі тергеу басталады. Күдікті тергеуге шақырылады.
Алайда ер азаматтың кешігуіне байланысты учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Асқар Уәлиев күдіктіге жолығып, заңға бағыну қажеттілігін түсіндіреді. Осы кезде күдікті ер азамат асхана пышағын алып, күтпеген жерден полицейдің аяғына сұғып алады. Содан соң оқиға орнынан қашып кетеді.
Оқиғаға куә болған адамдар тез арада жедел жәрдем көлігін шақырады. Сонымен қатар оқиға орын алған жерге қосымша аға учаскелік полиция инспекторы полиция майоры Батырбек Ералиев, полиция майоры Бекжан Кеңесарин, полиция капитаны Марат Сырғабаев, сақшы сарбаздар: Сержант Бағдәулет Жораев пен Жұмабек Көшеновтер келеді. Олар әріптесіне медицина мамандары көмектесіп жатқандықтан, бірден күдіктінің ізіне түседі. Көшелерді аралап, анықталған мекен жайына барады.
Осыдан соң күдікті ер азамат үйінен ұсталды. Одан айғақты зат ретінде «асхана пышағы» алынды. Бүгінде ер азамат қамауда.
Ұсталған азаматқа қатысты ҚР ҚК-нің 296-бабымен бірге ҚР ҚК-нің 380-1-бабы 1-бөлігімен (Құқық қорғау органы, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің өміріне қолсұғушылық) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Айта кетсек полиция капитаны Асқар Уәлиев ішкі істер органдарының қатарында 2008 жылдан бері қызмет етеді. Ал учаскелік инспектор лауазымында 2015 жылдың қаңтарынан бастап жұмыс істейді.
Асқар Уәлиев қазіргі таңда емханада. Оған қажетті көмек көрсетілуде. Өмірі мен денсаулығына төніп тұрған қауіп жоқ.