Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің сайтында еліміздің бас санитар дәрігері Ерлан Қиясовтың жаңа қаулысы жарияланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қаулы карантин шаралары және оларды кезең-кезеңмен жеңілдету туралы.
Елдің бас дәрігері мыналарды қаулы етті:
1. "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамы: жұмыс поездарын қоспағанда, жолаушылар поездарының құрамында ортақ вагондарды жасақтауды болдырмасын.
2. Облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының әкімдері, орталық мемлекеттік органдар, құқық қорғау және арнайы органдар:
жолаушылар ағынын төмендету және халықтың көп жиналуын болдырмау мақсатында "қарбалас сағаттарда" қоғамдық көлік санын ұлғайтуды; ұлттық құрама, клуб командалары үшін спорттық жаттығуларға рұқсат беруді (30 адамнан артық емес, байланыссыз термометрия, спорттық базаларда тұру); қоғамдық көлікке, таксиге, әуежайларға, балалардың аула алаңдарына, азық-түлік және азық-түлік емес базарларға және басқа да қоғамдық орындарға санитариялық және дезинфекциялық өңдеу жүргізуді; Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің актісіне сәйкес уақыты мен саны бойынша шектеу арқылы қаржы нарығы субъектілерінің қызметіне рұқсат беруді; өңірлердегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, "Балдәурен" республикалық оқу-сауықтыру орталығы" және "Бөбек" ұлттық ғылыми-практикалық білім беру және сауықтыру орталығы" РМҚК қызметіне рұқсат беруді; спортшылар мен жаттықтырушылар құрамы COVID-19-ға қарсы вакцинациялаудың толық курсын алғаны туралы құжаттамалық растау ұсынған жағдайда облыстық командаларды дайындау үшін оқу-жаттығу жиындарын қайта бастауға рұқсат беруді; осы қаулыға 4-қосымшаға сәйкес өлшемшарттар негізінде әлеуметтік-экономикалық объектілердің қызметін шектеуді қамтамасыз етсін. Бұл ретте шектеу шараларын қатаңдату 5 күн бойы эпидемиологиялық жағдай күрделенген жағдайда ("жасыл" аймақтан "сары" аймаққа немесе "сары" аймақтан "қызыл" аймаққа көшу), карантин шараларды жеңілдету "қызыл" аймақтан "сары" аймаққа немесе "сары" аймақтан "жасыл" аймаққа көшкеннен кейін 7 күннен кейін жүргізіледі.
3. Облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының әкімдері, облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттері, облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының полиция департаменттері:
қызметіне рұқсат етілген объектілерде карантиндік шаралардың, санитариялық-дезинфекциялық режимнің сақталуын бақылауды қамтамасыз етсін. Бұзушылықтар анықталған жағдайда "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес әкімшілік шаралар қолдансын; осы қаулыға 1 және 2-қосымшаларға сәйкес қызметі шектелмеген объектілерді қоса алғанда, объектілердің қызметін қайта бастауды қамтамасыз етсін. 4. Облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының, көліктегі Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлер, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарының, Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының ведомстволарының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелерінің басшылары қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға байланысты тәуекелі жоғары аймақта (қызыл аймақ) орналасқан карантиндік шараларды қатаңдату туралы шешім қабылдауға құқылы.
Облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлері "жасыл" және "сары" аймақтарда орналасқан өңірлерде карантин шараларды қатаңдату туралы шешім қабылдау құқығынсыз осы қаулыны басшылыққа алады.
Сондай-ақ, "Қазақстан Республикасының халқы арасында коронавирустық инфекция ауруларының алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі күшейту туралы" Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитария дәрігерінің 2021 жылғы 2 қыркүйектегі № 38 қаулысына өзгерістер енгізілген.
Қаулы 2021 жылғы 13 қыркүйекте түнгі сағат он екіден бастап күшіне енеді. Қаулының толық мәтінін мына сілтемеден оқи аласыз.