$ 494.87  520.65  4.91

Арыстағы жарылыс сабақ болмаған: деректер сөйлесін

Елде қару-жарақты заңсыз сатып алу, сақтауға байланысты құқықбұзушылық 43%-ға өскен.
Фото: коллаж
Фото: коллаж

2021 жылғы қаңтар-шілде айларында Қазақстанда қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды заңсыз сатып алу, беру, сату, сақтау, тасымалдауға байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 42,6% өсіп, 874 дерек тіркелді, деп хабарлайды Азаттық рухы ranking.kz-ке сілтеме жасап. 

Биыл қару, оқ-дәрілер, жарылғыш заттар және жарылғыш құрылғыларды ұрлау немесе қорқытып алудың 13 дерегі тіркелген, өткен жылғы көрсеткіш – 40 құқықбұзушылық. Салада өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу дерегі 28,6% немесе 63-ке өскен. Жыл басынан бері қару, оқ-дәрілер, жарылғыш заттарды күзету міндетін тиісті деңгейде орындамаудың бірде-бір дерегі тіркелмеген, ал 2019 жылғы қаңтар-шілдеде мұндай 4 оқиға, 2018 жылы – 6 жағдай, 2017 жылы – 1 жағдай, 2016 жылы 18 жағдай болған.

Өңірлік бөліністе қаруды, жарылғыш заттарды сатып алу, беру, өткізу және сақтау бағытынша ең көп қылмыстық құқық бұзушылықтар Алматыда болған. Барлығы 140 жағдай. Бұл өткен жылға қарағанда 2,1 есе көп.

Жымқыру немесе қорқытып алу көбінесе Ақтөбе және Алматы облыстарында орын алған. Әр өңірде 3 жағдай тіркелсе, Шығыс Қазақстан облысы мен Шымкентте - 2, Жамбыл және Қарағанды облыстарында, сондай-ақ Алматыда-1 жағдай тіркелген.

2019 жылы Арыстағы (Түркістан облысы) жарылыстан соң Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі барлық оқ-дәрі қоймасын елді мекендерден тыс жерлерге көшіруді және оқ-дәрілерді сақтау қауіпсіздігін күшейтуді тапсырған еді. Мұндағы жарылыстан 4 адам қаза тапқан: 2 әскери қызметкер, 1 бейбіт тұрғын, 1 бала (эвакуациялау кезінде жол апатынан мерт болған). 

Мәжіліс депутаттарының айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы орындалмай отыр. Оған дәлел Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймада болған жарылыс. Қайғылы оқиғадан 17 адам көз жұмды. Жамбыл облысында жыл басынан бері «қару, оқ-дәрілер, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, сату, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бабы бойынша 40 құқықбұзушылық, «қаруды, оқ-дәрілер, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды ұрлау немесе қорқытып алу» және «өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» баптары бойынша 1 құқықбұзушылық тіркелген.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары