Атырауда жыл соңына дейін бұралқы жануарлардың өлексесін өртеуге 3,37 млн теңгеге тендер жарияланған. Алайда байқау шартының ашық дерек көздерінде жарық көргеніне қарамастан тиестілі мекемелер одан хабарсыз екендерін айтып, ат-тондарын ала қашуда, деп жазды inbusiness.kz.
Белгілі болғандай, Атырау қалалық ветеринариялық стансасы 2021 жылдың 7 қыркүйегінде №19 бұйрыққа сәйкес, 3,37 млн теңгеге байқау жариялады. Аталған станса бастығы Мәдихан Рсымбетов қол қойған құжатта жыл соңына дейін 2600 ит пен мысықтың өлексесін арнайы орындарда өртеу керектігі көрсетілген. Оған себеп ретінде қаңғыбас жануарлардың жұқпалы ауру таратып, қоршаған ортаға залал келтіретіні айтылған. Сондай-ақ, өлекселерді жою процесі барысынан фотосуреттер көрсету керектігі де нақтыланады.
Тендерге қатысуға ниет білдіргендер 15 қыркүйектен бастап ұсыныс беріп, қорытындысы осы айдың соңына дейін шығарылмақ. Алайда жарияланған тендерге байланысты жергілікті басшылықтар қандай да бір нақты мәлімет берген жоқ. Ал өңірдің белсенді азаматтары бұралқы ит-мысықтардың көзін аяусыз жоюға қарсылық білдіріп, оның орнына оларды стерилдеп, мүмкіндігінше арнайы жағдай туғызып, ұстап отыратын орындар ашуды ұсынып отыр.
Өкінішке қарай, қала көшелерінде жыл санап көбейе түскен қаңғыбас жануарлар проблемасы оңтайлы шешілмей келеді. Қазіргі күні заң бойынша иесіз және көшеде тұмылдырықсыз жүрген иттердің бәрі бұралқы деп танылып, жоюға жатады. Ал оларды күтіп ұстау үшін питомниктер ашуға материалдық база жеткіліксіз деп танылып отыр.